Ресей Қазақстанға қайтарып берген Ембі полигонының құжаттары қайта рәсімделе бастады. Әскери полигон Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының территориясында орналасқан.
"Құжаттар рәсімделіп біткен соң 248 мың гектар алқапты ауданның қосалқы жері етіп аламыз" дейді Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов. Әзірше бұл аумақ аудан картасында Ресейдің иелігінде деп көрсетілген.
Ербол Данағұловтың сөзіне қарағанда, Ресей жалға алған Ембі полигонының аумағы қоршалмаған, күзет те жоқ. Полигонның қайтарылатын территориясын жергілікті билік шаруа қожалықтары үшін шабындық пен жайылым етіп, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланбақ.
22 ақпан күні парламент мәжілісінің депутаттары Ақтөбе облысындағы Ресей жалға алған Ембі әскери полигонының жалға алу шартын тоқтатуды қолдап дауыс берген. Мәжіліс осымен Ресеймен арадағы Ембі полигонын жалға алу және пайдалану шарттары туралы екі жақты келісімнің күшін жою шаралары туралы хаттаманы ратификациялайтын заң жобасын мақұлдады.
Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәжілісте Ембі полигонында ластайтын және улы заттардың мөлшері шектік нормадан аспайтынын, жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдардан қандай да бір ауру туралы шағым түспегенін айтты.
"Интерфакс" агенттігінің Қазақстан қаржы миинстрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Ресей ембі полигонын пайдаланғаны үшін жыл сайын Қазақстанға 718 мың доллар, ал жалға алған төрт әскери полигоны үшін 20,7 миллион доллар төлеген.