Accessibility links

Ресей, Иран және Түркия кезекті Сирия келіссөзіне қатысатынын растады


Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.
Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті отырысына Ресей, Түркия және Иран өкілдері қатысатынын растады деп хабарлады бүгін Астанада Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов.

"Делегациялар бүгіннен-ақ Астана бейбіт процесінің кезекті кезеңіне қатысуға келе бастайды. Келіссөздің форматы мен күн тәртібі негізінен кепіл елдер - Ресей, Түркия мен Иранның пікіріне байланысты болады. Астанада 5 ақпанда өткен техникалық кездесулердің біріне Иорданияның қатысуы келіссөзге Сирияның оңтүстігіндегі Иорданиямен шекаралас аудандарында әрекет ететін оппозициялық күштердің қатысуына жол ашты" деді мәжілістегі үкімет сағатында сөйлеген Абдрахманов.

Министрдің сөзінше, келіссөзге Ресей президентінің арнайы өкілі, сыртқы істер министрінің арнайы өкілі, Түркия мен Иранның сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары қатыспақ.

Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті жиыны 14-15 наурызға белгіленген.

Астанада Ресей, Иран және Түркия ара ағайындық жасаған Сирия келіссөзі екі рет - 23-24 қаңтарда және 15-16 ақпанда өткен. 23-24 қаңтардағы келіссөз қорытындысында қабылданған мәлімдемеде Ресей, Иран және Түркия Сириядағы ұрыс қимылдарының тоқтатылуына бірлесе кепіл болатынын айтқан. Бірақ олар Сириядағы алты жылға созылған соғысты саяси жолмен шешу бағытында алға жылжи алмаған.

XS
SM
MD
LG