Accessibility links

Астана әкімдігі үлескерлердің наразылық акциясын өткізуіне тыйым салды


Астанада салынып жатқан құрылыстардың бірі (Көрнекі сурет).
Астанада салынып жатқан құрылыстардың бірі (Көрнекі сурет).

Астана билігі құрылысы аяқталмаған "Жағалау-3", "Жағалау-4" және "Шығыс" тұрғынүй кешендері үлескерлерінің митинг өткізуіне рұқсат беруден бас тартты. Үлескерлер "ИСК ASI" компаниясының басшыларын жауапқа тартуды талап етеді.

Үлескерлер атынан қалалық әкімдікке митинг өткізу туралы өтініш тапсырған белсенді Махамбет Әбжан бас тартуға "Астана қаласының аумағында көктемгі еріген қар суын жіберуге дайындық шараларын жүргізу" себеп болғанын айтады. Әкімдіктің жауабы митинг өткізу жоспарланған өткен демалыс қарсаңында жеткен. Белсенді үлескерлермен бірге әкімдікке 25 наурызда митинг өткізу туралы тағы да өтініш тапсырды.

Азаматтық белсенді Махамбет Әбжан Астана билігі өзіне бейбіт митинг өткізуден алтыншы рет бас тартып отырғанын айтады. Ол алғашқы митингісін азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдап өткізбек болған. Боқаев пен Аян ол кезде Атырауда заңсыз наразылық акциясын өткізді және алауыздық тудырды деген айыппен сотталып жатқан. Ол кезде Әбжанға "митинг сотқа қысым көрсетуі мүмкін" деп рұқсат бермеген.

Бұған дейінгі үлескерлер өткізетін митингілерге әкімдік "өтініш берушінің жұмыс орны мен басқа да қол қойғандар туралы толық ақпарат көрсетілмеген", "экология айлығы өткізіліп жатыр", наразылық акцияларын өткізуге берілген парк пен саябақта жұмыс жүріп жатыр" деген сылтаулармен рұқсат беруден бас тартқан.

Қазақстан конституциясы бойынша азаматтардың бейбіт түрде демонстрация, шеру мен пикеттер өткізуіне рұқсат берілген. "Қазақстан Республикасында бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет пен демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі туралы" заң бойынша бұл құқықты пайдаланғысы келгендер жергілікті атқарушы органдарға ол туралы өтініш беріп, рұқсатын алуы тиіс. Әкімдіктің мұндай рұқсатынсыз пикет өткізген адам жауапкершілікке тартылады.

XS
SM
MD
LG