Accessibility links

Түркия Нидерландымен жоғары деңгейдегі келіссөздерді тоқтатпақ


Режеп Ердоған, Түркия президенті.
Режеп Ердоған, Түркия президенті.

Түркия Нидерландымен жоғары деңгейдегі барлық келіссөзді тоқтатып, Еуропа Одағымен (ЕО) мигранттар қозғалысын тежеу туралы келісімін қайта қарамақ ниетте. Бұл туралы 13 наурыз күні кешке Түркия вице-премьері Нуреттин Джаныклы мәлімдеді. Анкара мен ЕО-ның Нидерланд, Германия және басқа да елдерімен арадағы шиеленісі бұл елдер өз территорияларындағы саяси демонстрацияларға Түркия билігінің қатысуына рұқсат беруден бас тартқан соң күшейген.

Джаныклының мәлімдеуінше, Анкара Брюссельмен жасасқан Түркияға жетіп, одан ары Еуропаға кетуге ұмтылатын мигранттар мен босқындар ағынын тежеу туралы келісімін қайта қарайды. Түркия президенті Режеп Ердоған сонымен қатар Түркияның НАТО бойынша серіктеріне қарата ашулы мәлімдеме жасап, Германия канцлері Ангела Меркельді "террористерді қолдап отыр" деп айыптады. Ердоған өткен аптада Нидерланд билігін екі рет нацистерге теңеген.

Нидерландтағы және өзге де еуропалық ірі қалалардағы лауазымды тұлғалар түркиялық жоғары шенді саясаткерлердің Еуропадағы түрік диаспорасы арасында келесі айға белгіленіп отырған түрік президентінің өкілетін кеңейтуге бағытталған референдумды қолдау мақсатында үгіт-насихат жүргізу үшін митингілер өткізуіне тыйым салған. Түркияда конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум 16 сәуірде өтпек.

XS
SM
MD
LG