Accessibility links

Сот Бішкек мэрінің Текебаевқа қарсы шағымын қанағаттандырды


Албек Ибраимов, Бішкек мэрі.
Албек Ибраимов, Бішкек мэрі.

Бішкектің Первомай аудандық соты қала мэрі Албек Ибраимовтың парламенттегі оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі, қамауда отырған Омурбек Текебаевқа қарсы шағымын қанағаттандырды. Сот Текебаевты Ибраимовтың пайдасына бір миллион сом (14 мың доллардан астам) өтемақы төлеуге міндеттеді.

Текебаевтың адвокаты Таалайгүл Токтакунованың Азаттыққа хабарлауынша, сот адвокаттардың Текебаевты күзетпен сотқа қатыстыру туралы өтінішін қабылдамаған. Токтакунова мен оның әріптесі Канатбек Азиз бұған қарсылық ретінде сот залынан шығып кеткен.

"Шешім біздің сыртымыздан шығарылды. Тараптардың жарыссөзіне бізден ешкім қатысқан жоқ. Енді Бішкек қалалық сотына шағымданамыз" деді Токтакунова.

Ибраимов 2016 жылдың қарашасында Текебаевтың үстінен ол сол жылдың қыркүйек-қазан айларындағы сөздерінде өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп шағымданған.

Президент Алмазбек Атамбаевтың бәсекелесіне айналған бұрынғы серігі Омурбек Текебаев 26 ақпанда Бішкек әуежайында ұсталып, 27 ақпанда Первомай аудандық сотының шешімімен екі айға қамалған. Биліктің ұйғарымынша, Текебаевқа қарсы іс ол вице-премьер болып тұрғанында ресейлік бизнесменнен бір миллион доллар пара алды деген күдікпен қозғалған.

Жақтастары Текебаев қарашада өтетін президент сайлауы қарсаңында билікке қарсылардың үнін өшіру үшін және оның президенттікке өз кандидатурасын ұсынуына кедергі келтіру үшін қамалды дейді.

XS
SM
MD
LG