Accessibility links

Reuters: Ресей Египеттің Ливиямен шекарасына арнайы жасақ түсірді


Сириядағы Ресей әскерилері (Көрнекі сурет).
Сириядағы Ресей әскерилері (Көрнекі сурет).

Египеттің Ливиямен шекарасындағы әуе базасына Ресей арнайы жасағының бөлімі түсірілді деп хабарлады америкалық және египеттік дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасаған Reuters агенттігі.

АҚШ дипломатиялық арналарындағы дереккөздері аты-жөнін айтудан бас тартып, бірнеше күн бұрын египет-ливия шекарасынан 100 километр қашықтықтағы Сиди-Баррани елді мекеніне ресейлік әскерилер мен ұшқышсыз басқарылатын ұшақтардың жеткізілгенін хабарлаған. Египеттің қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз ресейлік 22 адамнан тұратын арнайы жасақ отряды келгенін айтқан.

Дереккөздері Ресей бұл арқылы Ливия ұлттық армиясының қолбасшысы, Ливияның халықаралық қаумдастық мойындаған үкіметіне бағынбайтын Халиф Хафтарды қолдауды көздеген болуы мүмкін дейді. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі комментарий бермеді. Египет билігі "ел аумағында шетелдік бірде бір солдат жоғын" мәлімдеді.

Ал Ресейдің Федерация кеңесі Ливия шекарасына Ресей әскерилерінің жіберілгені туралы ақпарды терістеді. "Бұл - жалған ақпар, оған назар аударудың да қажеті жоқ" деді Федерация кеңесінің халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары Владимир Джабаров РИА "Новости" агенттігіне. "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, Джабаров Ресей президенті парламенттің санкциясынсыз өзге елге әскер жібере алмайтынын айтқан.

Кеше Reuters Ресейдің жекеменшік "РСБ-Групп" әскери компаниясының басшысы Олег Криницинге сілтеме жасап, компанияның ондаған қызметкерінің Бенгази маңындағы өндірістік нысандарды минадан тазалауға қатысқанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG