Accessibility links

Маңғыстауда Амал мейрамы басталды


Отпан тауға көрісуге келген жұрт дастархан басында отыр. Маңғыстау, 14 наурыз 2016 жыл.
Отпан тауға көрісуге келген жұрт дастархан басында отыр. Маңғыстау, 14 наурыз 2016 жыл.

Маңғыстау облысында Наурыз мерекесі - Амал мейрамы басталды. Мерекелік шара Ақтаудан 100 шақырым жердегі «Отпан тау» мәдени кешенінде өтеді. Оған баруға облыстың барлық аудандарынан қатынайтын арнайы көліктер бөлінді. Отпан таудағы Амал мейрамына қатысуға Астана, Алматы, Петропавл қалаларынан, Батыс Қазақстандағы көрші облыстармен қатар Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстаннан адамдар арнайы келген.

Мейрамды ұйымдастырушылардың бірі Роман Балтабаевтың Азаттыққа айтуынша, биылғы Амалдың ерекшелігі - ондағы мәдени- спорттық жарыстарға қатынасуға ешқандай шек қойылмаған.

"33 киіз үй тігілді. Наурыздың 13 күні ата- баба рухына арнап ас берілді, кешінде бірлік отын жағып, от шашу атып Амалды қарсы алдық" дейді ол.

Наурыздың 14-інде Отпан тауда бас қосқандар бір-бірін жыл басымен құттықтап, амандық саулық тілесті. Отпан таудағы көрісудің соңы атан күрес, гир көтеру, қой көтеру, арқан тарту, ләңгі ойнау, аударыспақ пен көкпар тартудан жарысқа ұласты. Жыл сайын өтетін ақындар мүшәйрасының орнын биыл жыршылар сайысы басты. Тау басындағы мейрам жергілікті өнерпаздардың гала концертімен аяқталды.

Амал мейрамы Қазақстанның батысында жылда өтеді. Оны тойлау айға созылып, жұрт бірін-бірі «бір жасқа есейдік, жаңа жыл келді, реніш қайғыны ұмытайық, ақ мол болсын» деген тілектермен құттықтап, құшақтасып көріседі.

XS
SM
MD
LG