Accessibility links

Қазақстан кино сыншылары ассоциациясы кино жүлде жеңімпаздарын марапаттады


"Сыншылар байқауы" жүлдесі жеңімпаздарының бірі Серік Әбішев (оң жақта) ең үздік фильм номинациясы бойынша марапатталып тұр. Сол жақта - ассоциация мүшесі Кәрім Қадырбаев. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.
"Сыншылар байқауы" жүлдесі жеңімпаздарының бірі Серік Әбішев (оң жақта) ең үздік фильм номинациясы бойынша марапатталып тұр. Сол жақта - ассоциация мүшесі Кәрім Қадырбаев. Алматы, 14 наурыз 2017 жыл.

Алматыда 14 наурыз күні кешке қарай Қазақстан кино сыншылары ассоциациясы тағайындаған "Сыншылар таңдауы" кино жүлдесінің жеңімпаздары белгілі болды.

Ең көп номинация бойынша жүлдені үш кино жеңіп алды. Режиссер Әділхан Ержановтың "Қаратас ауылындағы оба" фильмі ең үздік фильм (драма, продюсерлері Серік Әбішев, Ольга Хлащева), ең үздік режиссер номинациялары бойынша жеңімпаз деп танылды. "Тараз" фильмі де үш номинация - ең үздік жанрдағы фильм (продюсері Нұртас Адамбай), ең үздік ер адам рөлі (Еркебұлан Дайыров), ең үздік ән (Ғалымжан Молданазар) номинациялары бойынша жүлдеге ие болды.

"Анаға апарар жол" фильмі ең үздік әйел рөлі (Алтынай Нөгербек), ең үздік екінші пландағы рөл (Аружан Жазылбекова), ең үздік фильмге жазылған музыка (Әлім Зайыров, Роман Вишневский) номинациялары бойынша жеңімпаз деп танылды.

"№6 істің куәгері" фильмі ең үздік сценарист (Әділхан Ержанов) номинациясы, "Аудандар" фильмі ең үздік ер адам рөлі (Шәріп Серік) номинациясы, "Жаралы періште" фильмі ең үздік оператор (Ив Кап) номинациясы бойынша жүлде алды.

Ең үздік қысқа метражды фильм деп режиссер Дархан Төлегеновтің "Маршрут" фильмі танылды. Сонымен қатар Катерина Суворова "Ертеңгі теңіз" деректі фильмі үшін, Қуат Шілдебаев қалпына келтірілген "Түрксіб" фильміне жазған музыкасы үшін, Николай Толстников пен Жанна Қуанышева "Кино бейнесі" фото-жобасы үшін арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Биыл марапаттау шарасын Қазақстанның кинематографистер одағы қолдап, оны өткізуге Кино үйін берді. 2014 жылдан бері жұмыс істейтін Қазақстан кино сыншыларының ассоциациясы тәуелсіз қоғамдық ұйым саналады. Ассоциацияның он бір мүшесі бар, олардың қатарында белгілі кино сарапшылары - Гүлнара Әбікеева (ассоциация президенті), Ольга Малышева, Дмитрий Мостовой, Төлеген Байтүкенов, Олег Борецкий және басқалары бар.

XS
SM
MD
LG