Accessibility links

БҰҰ өкілі: Астана жұмысшылар мен кәсіподақтар құқығын қорғамай отыр


БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи.
БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі бойынша арнайы өкілі Майна Киаи Қазақстан сотының Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын (ҚТКК) жабу туралы шешіміне және кәсіподақ жетекшілерін қудалауына алаңдаушылық білдірді.

Eurasianet.org сайтында 14 наурызда жарияланған комментариінде Майна Киаи ҚТКК жетекшісі, қаржы жымқырды деп айыпталған Лариса Харьковаға қатысты қылмыстық қудалаудың "алаңдатарлық факт" екені айтылған. БҰҰ өкілі сонымен қатар Маңғыстау облысындағы мұнай сервисі кәсіпорны кәсіподағының жетекшілері, мұнайшылар ҚТКК-ның жабылғанына наразылық танытып аштық жариялап жатқанда ұсталған Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың қамалғанын да айтады.

"Билік Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қамап, аштық жариялаушыларға айыппұл салу арқылы бейбіт қарсылықты күшпен тоқтатты. Енді кәсіподақ басшылары да қаржы жымқырды және "заңсыз ереуілге шақырды" деп айыпталып жатыр" деген Киаи.

Майна Киаи тәуелсіз кәсіподақтар құру ассоциация еркіндігінің негізгі бөлігі екенін және оның демократиялық, тұрақты және әділетті қоғам құру үшін маңызы зор екенін айтады. Ол Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстанға еңбек заңнамаларын өзгертуді ұсынған соң Астана тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына жол ашатын реформалар жасауға кіріседі деген үміт болғанын айтады. "Билік елдегі басты кәсіподақты жауып, кәсіподақ жетекшілерін қудалап, заңды қарсылықты заңсыз деп танып, оған қатысқандарды қамау арқылы кері жолға түсіп барады" деген Киаи.

Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық соты 4 қаңтарда әділет министрлігінің шағымы бойынша кеңсесі Шымкентте орналасқан ҚТКК-ны аймақтардағы филиалдарын белгіленген мерзімде тіркемеді деп жабу туралы шешім шығарған. Конфедерация бұл шешімге шағым берген. OCC-ның 400-ге тарта жұмысшысы кәсіподақты жабуға наразылық танытып, қаңтарда аштық жариялаған.

Майна Киаи Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты кәсіподақ туралы заңнамаларды реформалауға күш салуға шақырған. Ол сонымен қатар Қазақстан билігін жұмысшыларды өз құқықтарын пайдаланғаны үшін қудалауды тоқтатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG