Accessibility links

Ресей: Сирия оппозициясының өкілдері Астанаға ертең келуі мүмкін


Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіне қатысушылардың брифингі. Астана, 15 наурыз 2017 жыл.
Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіне қатысушылардың брифингі. Астана, 15 наурыз 2017 жыл.

Сирия қарулы оппозициясының өкілдері 16 наурыз күні таңертең Астанаға Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті кезеңіне қатысуға келуі мүмкін. Бұл туралы Астанада келіссөз барысы жайлы өткен брифингте Ресейдің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев хабарлады. Ол Сирия оппозициясы өкілдерінің Астанаға келетінінен үмітті екенін айтты. "Осыған байланысты толығырақ кеңес өткізу үшін біз, Түркия мен Иран, делегацияларымыздың бір бөлігін қалдырамыз" деді Лаврентьев.

Ресей өкілі бұл кездесуде Иранның ресми түрде Сириядағы бітім шарттарының орындалуына кепіл ел атанғанын да айтты.

Лаврентьевтің сөзінше, Астанадағы келіссөзде сонымен қатар Ресей, Түркия және Иран БҰҰ елдеріне Сириядағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген нысандарды минадан тазартуға қатысты бірлескен мәлімдеме жобасын дайындады.

Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті кезеңі 14 наурызда басталып, бүгін аяқталады деп жоспарланған. Сирия оппозициясының делегациясы Сирия үкіметі мен Ресейді 2016 жылы желтоқсанда жасалған бітім режимін орындамай отыр деп айыптап, бұл жолғы келіссөзге келуден бас тартқан.

Астанада бұған дейін қаңтар мен ақпанда болған жоғары деңгейлі екі кездесуде де ілгерілеушілік болмаған. Сириядағы соғыста Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асадты, ал Түркия оған қарсы соғысып жатқан көтерілісшіл жекелеген араб-сүннит топтарын қолдайды.

XS
SM
MD
LG