Accessibility links

Атырауда өз-өзін өртеген прокурордың апелляциялық соты басталды


Айыпталушы Лейла Смадьярова Атырау қаласындағы №2 қылмыстық істер сотында отыр. 7 ақпан 2017 жыл.
Айыпталушы Лейла Смадьярова Атырау қаласындағы №2 қылмыстық істер сотында отыр. 7 ақпан 2017 жыл.

Наурыздың 15-сі күні Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы биыл ақпанда "пара алды" деп айыпталып, 3,5 жылға сотталған бұрынғы облыс прокурорының көмекшісі Лейла Смадьярованың апелляциялық шағымын қарауға кірісті.

Судья Тәтті Уәлиева төрағалық еткен сот отырысына тағы екі судья - Мәтен Ерғазиев пен Сандуғаш Сүлейменова қатысты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мемлекеттік айыптаушы Лаура Саматова сот залында аудио, видео жазбаның жүріп жатқанын айтып, судьядан сотқа қатысушы журналистерге фото, аудио видео жазба жасауға тыйым салуды өтінді. Адвокаттар қарсылығынан соң алқа төрағасы Тәтті Уәлиева журналистерге сот отырысы басында фотоға түсіруге ғана рұқсат беріп, видеоға тыйым салды.

Смадьярованың адвокаты Игорь Вранчев бұрынғы прокурорды айыптауға Атыраудағы 157\11 мекемесінің бұрынғы бастығы Нұрзада Сағынғалиеваның айтқандары негіз болғанын айтып, оған қатысты Атырау облыстық коррупцияға қарсы күрес қызметі қозғаған қылмыстық істі апелляциялық сот отырыс барысында зерттеуді сұрады. Судья оның арызын қанағаттандырмады.

Адвокаттар Смадьярованы айыптауға дәлелдің жоқтығын айтып, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.

- Менің айтар сөзім жоқ. Әділ сот тергеуі болған жоқ. Үкімге негіз болар бір де бір дәлел жоқ. Қылмыстық істі тоқтатуды сұраймын, - деді адвокат Жайдар Раушанов.

Игорь Вранчев сот процессінде бірінші инстанциядағы соттың үкімді өзі тәуелсіз түрде шығарғанына күмәнданатынын айтты.

Сот отырысы наурыздың 16-сында қайта жалғасатын болды.

37 жастағы кәмелетке толмаған екі баланың анасы Лейла Смадьярова бұған дейін Азаттыққа өзіне тағылған айыптардың Атырау түрмелерінде жүргізген әділ тексерулерімен байланысты екенін айтқан еді. Бас прокуратураға жолдаған шағымының аяқсыз қалғанына наразылық білдірген ол қаңтардың 31 інде облыстық прокуратура алдында өзін өзі өртеп, жансақтау бөліміне түскен болатын.

XS
SM
MD
LG