Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банкпен кибершабуылмен күресу шараларын қабылдау мәселесін талқылап жатыр деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Алматыда өткен баспасөз конференциясында.
Ақышевтің сөзінше, бұл мәселе жөнінде таяуда екінші деңгейлі банктердің өкілдерімен кездесу болған. Ұлттық банк басшысы кибершабуылдың банк жүйесі үшін жаңа қауіп екенін, әлемде және ТМД елдерінде кибершабуыл мен кибералаяқтықпен байланысты қауіптің артқанын айтты. "Қазір әр банк өзіне төнген қауіп-қатерге жеке өзі жауап береді. Дегенмен, біз аталған процеске мониторинг жасау деңгейін күшейту қажет деп санаймыз. Бұл туралы екінші деңгейлі банктермен келістік, және бұл бағытта белсенді жұмыс бастап жатырмыз" деді Ақышев.
Ұлттық банк төрағасы қауіпқатерге жауап шын мәнінде өте құпия екенін және әр банк оны жарияламауға тырысатынын айтты. Екінші деңгейлі банктер жұмысшы тобының ішінде белсенді түрде ақпарат алмаспай тиісті жауап шараларын жасау мүмкін емесін мойындаған.
Бұған дейін Kaspi банкі, "Халық банкі", "Казкоммерцбанк", "Астана Банкі" мен "Сбербанк" соңғы апталарда халықаралық кибералаяқтар банктерден қазақстандықтардың есепшоттарындағы ақшаларын жымқыруға бірнеше рет әрекет жасағанын, бірақ банктердің онлайн қызмет көрсету жүйелері сенімді қорғалғанын хабарлаған. Аталған банктер осыған байланысты клиенттерін онлайн банкинг қызметін пайдаланғанда жеке құпия мәліметтерін аса мұқият пайдалануға, жеке басы мен банкке қатысты мәліметтерін ешкімге айтпауға шақырған.