Accessibility links

Атырауда прокуратураның экс-қызметкерінің жазасы өзгермеді


Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сотының коллегиясы төрағасы Тәтті Уәлиева (ортада) және судьялар Мәтен Ерғазиев пен Сандуғаш Сүлейменова. Атырау, 15 наурыз 2017 жыл.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сотының коллегиясы төрағасы Тәтті Уәлиева (ортада) және судьялар Мәтен Ерғазиев пен Сандуғаш Сүлейменова. Атырау, 15 наурыз 2017 жыл.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сотының коллегиясы облыс прокурорының бұрынғы көмекшісі - "ақша бопсалады" және "пара алды" деген айыппен сотталған Лейла Смадьярованың апелляциялық шағымын өзгеріссіз қалдырды.

Мемлекеттік айыптаушы Лаура Саматованың сотталушы Смадьярованың жазасын өтеуді кейінге қалдыру туралы өтініші қанағаттандырылмады.

Коллегия төрағасы Тәтті Уәлиева «сот үкімінің өзгеріссіз қалғанын, Смадьярова ісінің бірінші эпизодындағы қылмыстық істі бопсалау айыбымен дәрежелеудің алынып тасталғанын» жария етті.

Лейла Смадьяроваға қатысты істі тергеген бас прокуратураның арнайы тобы оған қатысты қылмыстық істі бес эпизодқа бөлген. Бірінші эпизодта оның 2015 жылы жүргізген тексеруінде әйелдердің гигиеналық бұйымдарын сатып алу кезінде келтірілген 1,5 миллион теңге шамасындағы зиянды азайтып, оны 335 мың 187 теңге деп көрсету үшін 2 миллион теңге талап еткенін айтқан.

Смадьярованы бұған қоса "төсек жаймаларындағы жетіспеушілікті жасыру үшін Атыраудағы түзету мекемесіне азық-түлік және химиялық жабдықтар жеткізуші кәсіпкер Аманғалиевадан ақша бопсалады", "әйелдер колониясында орын алған суицидті жасырып, "бас прокуратураға беремін деген желеумен" ақша жинады" деп айыптаған.

Лейла Смадьяроваға "жалпы сомасы 3 миллионнан астам теңге және 1000 АҚШ долларын бопсалады және пара алды" деген айып та тағылған.

Адвокат Игорь Вранчев апелляциялық коллегияның шешімі Лейла Смадьярованы "пара алды" және "бопсалады" деп айыптауға негіз болған УГ-157/11 әйелдер колониясының бұрынығы бастығы Нұрзада Сағынғалиева мен басқа да колония қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс көтеруге негіз болады де санайды. Ол апелляциялық сот коллегиясының шешіміне арызданатынын айтты.

Атырау облыстық прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла Смадьярованы Атыраудағы №2 қылмыстық сот 2017 жылы 10 ақпанда үш жарым жылға соттаған.

37 жастағы Лейла Смадьярова айыбын мойындаған жоқ және "мұның бәрі өзінің прокурорлық міндетін адал атқарғаны үшін түрме қызметкерлерінің жасап отырған әрекеті" екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG