Accessibility links

Әблязовтің адвокаты соттан оны айыптау актісімен таныстыруды сұрады


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл

Алматыда "БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен топ-менеджерлерінің үстінен басталған алдын ала сот тыңдауында айыпталушылардың адвокаттары сотқа бірнеше талап-арыз білдірді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Әблязовтің адвокаты Әжіғұлова Әблязовтің айыптау актісін алмағанын айтып, соттан клиентінің айыптау актісімен танысуын қамтамасыз етуді сұрап талап-арыз білдірді. Бірақ мемлекеттік айыптаушы прокурор Баймағамбетов адвокаттың іс материалдарын алғанын, енді айыптау актісін прокуратура сайты арқылы Әблязовқа жіберудің қажеті жоғын айтып, қарсылық білдірді. "БТА Банкінің" өкілі де қарсылық танытты.

Тыңдауда сонымен қатар банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовтің адвокаты Өстеміров Жарымбетовке қатысты қылмыстық істі жабуды сұрап өтініш берді.

Бұдан соң судья бұл талап-арыздар бойынша шешім мен негізгі сот тыңдауы қашан өтетіні ертең, 18 наурыз күні сағат 10-да жарияланатынын айтып, кеңесу бөлмесіне шығып кетіп кетті.

"БТА Банктен" қаржы жымқыру ісіне қатысты банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов, банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мамеш пен банктің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов айыпталып отыр.

"БТА Банктегі" қаржы жымқыруға" қатысты қылмыстық іс бойынша Әблязов "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп таниды.

XS
SM
MD
LG