Accessibility links

Вашингтонда Трамп пен Меркель кездеседі


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Германия канцлері Ангела Меркель.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Германия канцлері Ангела Меркель.

Вашингтонда бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Германия канцлері Ангела Меркель кездеседі. Меркельдің 15 наурызға жоспарлаған сапары қалың қар мен ауа-райының қолайсыздығынан бүгінге ысырылған.

Бұған дейін олар тікелей кездеспеген, тек қаңтарда Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріскен соң телефонмен сөйлескен.

Меркель АҚШ-қа ұшарының алдында кездесуге "қызығушылықпен" дайындалып жатқанын мәлімдеген. "Бір-біріміз туралы айтқаннан гөрі бір-бірімізбен сөйлескен қашан да ең жақсы" деді канцлер.

Трамп Меркельдің 2015 жылы жазда босқындарды Германияға қабылдау шешімін сынаған. Ал Меркель Трамптың АҚШ-қа босқындардың кіруіне мораторий жариялағанын сынаған.

Келіссөзде экономика мен сауда мәселелері талқыланады деп болжанып отыр. Трамп бұған дейін баж салығын, оның ішінде Германиядан АҚШ-қа экспортталатын көліктерге салынатын салықты көтеру қажетін мәлімдеген. Меркельмен бірге АҚШ-қа германиялық жетекші компаниялардың басшылары да бара жатыр.

Бұдан өзге, екі ел басшылары сыртқы саясат мәселелерін, оның ішінде Ресей мен Украинаға қатысты жайттарды да талқылайды. Reuters агенттігінің өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Трамп Меркельден Владимир Путинмен қалай іс жасасу қажеті туралы кеңес сұрамақ.

XS
SM
MD
LG