Accessibility links

Могерини Ресейді Сенцов пен Кольченконы босатуға шақырды


Украин режиссері Олег Сенцов (сол жақта) пен белсенді Александр Кольченко сот үкімі оқылған кезде Украина әнұранын шырқап тұр. Дондағы Ростов қаласы, Ресей, 25 тамыз 2015 жыл.
Украин режиссері Олег Сенцов (сол жақта) пен белсенді Александр Кольченко сот үкімі оқылған кезде Украина әнұранын шырқап тұр. Дондағы Ростов қаласы, Ресей, 25 тамыз 2015 жыл.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини Мәскеуді Ресей аннекиялаған Қырымда терактілер ұйымдастырмақ болған деген айыппен сотталған режиссер Олег Сенцов пен белсенді Александр Кольченконы дереу босатуға шақырған. Оның сөзінше, Ресей Украинаның бұл азаматтарын халықаралық құқық талаптарын бұзып ұстаған және ұзақ мерзімге түрмеге қамаған.

Могерини Ресейдің Қырымды аннексиялауын және түбектің Мәскеуге бағынышты әкімшілігін Еуропа Одағы мойындамайды деп мәлімдеген. Ол сонымен бірге Қырымда адам құқықтарының ахуалы нашарлап кеткенін, мәселен, Қырым татарлары қысымға ұшырап жатқанын айтқан.

Қырымда 2014 жылы наурызда ресейлік әскерилердің бақылауымен өткен «референдум» қорытындысы бойынша «түбек тұрғындарының 95 пайызы Ресейге қосылуды жақтайды» деп жарияланғаннан кейін Мәскеу Украина территориясына жататын Қырымды аннексиялап алған. Әлем елдерінің басым көпшілігі, соның ішінде АҚШ пен Еуропа Одағы да, Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын айыптаған. Украина Қырымды «уақытша оккупацияланған территория» деп атаған.

2016 жылы тамызда Ресейдің Дондағы Ростов қаласының соты режиссер Олег Сенцовты 20 жылға, белсенді Александр Кольченконы 10 жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім еткен. Сот оларды Симферопольдегі Ленин ескерткішін жармақ болғаны, сонымен бірге түбектегі «Русская община Крыма» ұйымы мен «Единая Россия» билік партиясы кеңселеріне өрт қоюды ұйымдастырғаны үшін айыпы деп таныған.

Ресейлік «Мемориал» құқық қорғау ұйымы Олег Сенцов пен Александр Кольченконы саяси тұтқындар деп атайды.

XS
SM
MD
LG