Accessibility links

Қырғызстан парламентінің екі депутаты Назарбаевты сынады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 22 тамыз 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 22 тамыз 2012 жыл.

Бүгін Қырғызстан парламентінің депутаттары Рыскелди Момбеков пен Евгения Строкова президент Алмазбек Атамбаевтың 2010 жылы Қырғызстанда «адам шығынына әкелген блокада» жасады деп Қазақстанды айыптаған мәлімдемесі туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзін сынады.

Президент Атамбаевты қолдайтын Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) парламенттегі фракциясы мүшелерінің мәлімдемесі Қазақстан мен Қырғызстан арасында жоғарғы деңгейде айтылған өзара сын-айыптаулардың жалғасы іспеттес болып отыр. ҚСДП хатшылығы қос депутаттың мәлімдемесін бүгін таратқан деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 17 ақпанда Euronews агенттігіне сұхбатында 2010 жылы елде сол кездегі президент Құрманбек Бакиевті биліктен кетірген кезде Қазақстанның шекараны жауып, бір жарым ай экономикалық блокада жасауы салдарынан Қырғызстанда адам шығыны да болды деп мәлімдеген еді.

Бейсенбі күні Астанада Ақорда таңдаған журналистерге берген сұхбатында 2010 жылы шекараны жабуды «Қырғызстандағы саяси тұрақсыздықпен» түсіндірген Нұрсұлтан Назарбаев «егер ондай жағдай болашақта қайталанса» Қазақстан шекарасын тағы да жабады деп мәлімдеген. Сонымен бірге ол «басшы қызметіндегі әр сөзін ойланып айтуы тиіс» деп Атамбаевты сынаған.

«Оларда аласапыран жағдай болды. Төңкеріс жасап заңды президентті биліктен алып, елден қуып жіберді. Түрмеден қамаудағыларды босатып, олар бізге қарай лап берді. Біз шекараны жаптық. Егер болашақта осындай жағдай қайталанатын болса, шекараны тағы жабамыз. Мұндай жағдайда шекарасын жаппайтын ел бар ма? Әне, Түркия да жауып жатыр. Өзбекстан да, Тәжікстан да жапты. Сондықтан бұл жерде ешкімнің кінәсі жоқ, барлығына Қырғызстанның өзіндегі жағдай себеп болған» деген Назарбаевтың сөзін келтірген Tengrinews агенттігі.

Қырғызстан парламенті депутаттары Рыскелді Момбеков пен Евгения Строкова Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі шындыққа жанаспайды деп мәлімдейді.

«Жекелеген саясаткерлердің қателігіне келсек, онда мына жайтты нақтыламақпыз. Назарбаев не ұмытып отыр, немесе сол кезде оған дұрыс ақпарат жетпеген, бірақ сәуірдің 7-і күні бостандыққа тек соның алдында Бакиев режимі заңсыз тұтқындаған оппозиция лидерлері, саяси тұтқындар ғана шыққан. Ешқандай қылмыскер түрмеден шыққан жоқ, сондықтан блокаданы олай деп ақтау бекершілік» делінген қырғыз депутаттарының мәлімдемесінде.

2010 жылғы сәуірде демократиялық революция нәтижесінде биліктен тайдырылғаннан кейін Беларусь еліне қашқан Құрманбек Бакиев қазір сонда тұрып жатыр. Сол кездегі оқиғалар Қырғызстандағы 2010 жылғы сәуір оқиғалары деген атаумен тарихта қалды.

XS
SM
MD
LG