Accessibility links

Мәскеу билігі жемқорлыққа қарсы шеру өткізуге тыйым салды


Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный.

Мәскеу билігі оппозициялық саясаткер Алексей Навальный наурыздың 26-сында өткізбекші болған коррупцияға қарсы шеруге тыйым салды. Навальный өз сайтында жариялаған ресми хатта билік өкілі Мәскеудің орталығында өткізу жоспарланған шерудің «көлік қозғалысын қиындатып, тұрғындар құқығын бұзатыны» айтылған. Билік орындарының акция өткізуге басқа орын ұсынбауын Навальный заң талабына қайшы дейді.

Навальный наурыздың 14-і күні жергілікті билікке берген өтінішінде жемқорлыққа қарсы акцияға 15 мың адам қатысады деп көрсеткен, жоспар бойынша олар Тверь заставасы көшесінен Охотный ряд алаңына дейін жүріп өтіп, митингі өткізбекші болған. Коррупциямен күрес қорының "Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевке қатысы бар" деп жариялаған жылжымайтын дүние-мүліктер туралы жүргізген зерттеуіне билік тарапынан реакция болмауы осы митингіні өткізуге себеп болған.

Ресейдің бірнеше ондаған қаласындағы Навальныйдың жақтастары да наурыздың 26-сы күні әлгіндей акция өткізу туралы жергілікті билік орындарына өтініштер берген.

Бұған дейін 2018 жылы Ресей президенті сайлауына түсетінін жариялаған Алексей Навальный наурыздың 26-сы күні бәрібір шеруге шығатыны туралы блогында жазды.

Наурыздың 2-сі күні Алексей Навальный жетекшілік ететін коррупциямен күрес қоры жариялаған зерттеу қорытындысында "премьер-министр Дмитрий Медведевтің Ресейдегі және шетелдегі заңсыз жолмен келген қымбат жылжымайтын дүние-мүлкі" туралы деректер келтірілген. Навальный Медведевті "сенімді адамдары басқаратын қайырымдылық қорлары негізінде сан қатпардан тұратын коррупциялық желі құрған" деп айыптады. Ресей үкіметі бұл ақпаратты "үгіт-насихатты көздейтін даурықпа" деп атап, оған қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

XS
SM
MD
LG