Accessibility links

Солтүстік Корея жаңа зымыран қозғалтқышын сынақтан өткізген


Солтүстік Корея туы. (Көрнекі сурет.)

Бүгін Солтүстік Корея мемлекеттік ақпарат құралдары елде қуатты жаңа зымыран қозғалтқышы сынақтан өткізілгені туралы ақпарат таратты. Үкіметтік KCNA ақпарат агенттігі Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның елде «жаңа зымыран өнеркәсібі пайда болғаны» туралы және оның «қаншалықты маңызды оқиға екеніне көп ұзамай бүкіл әлем куә болады» деп мәлімдегенін хабарлаған. Мамандардың болжамы бойынша, жаңа қозғалтқыш алыс қашықтыққа ұшатын зымыранға арналған болуы ықтимал.

Пхеньянның жаңа зымыран қозғалтқышы сынағы АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның Қытайға сапарымен тұспа тұс келді. Сенбі күні Пекинде Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөз өткізгеннен кейін Тиллерсон АҚШ Солтүстік Кореяның ядролық зымыран бағдарламасы және Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша Қытаймен ынтымақтасатын болады деп мәлімдеген.

Тиллерсонның бұл жолғы Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайға сапарына да Пхеньянның зымыран бағдарламасына байланысты алаңдаушылық себеп болған.

Осы аптада Сеулде болған кезде АҚШ мемлекеттік хатшысы Вашингтон Солтүстік Кореяның іс-әрекетіне әскери жауап беруді де жоққа шығармайды деп ескерткен. Пекин Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы туралы мәселені шешу ісінде тек дипломатиялық тәсілдерді қолданған жөн деп санайды.

Өткен аптада Солтүстік Корея төрт баллистикалық зымыран сынағын өткізген. Халықаралық қауымдастық Пхеньянның бұл қылығын айыптаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG