Accessibility links

АҚШ-та әйгілі музыкант Чак Берри дүниеден өтті


Чак Берри Монте-Карлода өнер көрсетіп тұр. Монако, 28 наурыз 2009 жыл.

Америкалық әйгілі музыкант, рок-н-роллдың атасы аталған Чак Берри сенбі күні АҚШ-тың Миссури штаты Сент-Луис қаласындағы өз үйінде 90 жасында қайтыс болған.

Сыншылар Берриді өткен ғасырдың ортасында жаңа музыка бағытының негізін салушы дарын иесі деп атайды. Жас күнінен музыкамен әуестенген Чак Берридің әр жылдары жазған Rock and Roll Music, Maybellene, Roll Over Beethoven, Sweet Little Sixteen, Johnny B. Goode сынды әндері әлемдік рок музыканың алтын қорына енген. Берридің әндерін The Beatles, The Rolling Stones, The Animals және өзге көптеген танымал топтар өз репертуарларына қосқан.

Боб Дилан Чак Берриді "рок-н-ролл Шекспирі" десе, Джон Леннон ол туралы "егер рок-н-роллға басқаша атау беру мүмкін болса оны Чак Берри деп атаған жөн болар еді" деген болатын.

ВВС-дің хабарлауынша, өткен жылы 90 жылдық мерейтойы кезінде әйгілі музыкант соңғы 37 жылдағы алғашқы альбомын шығару ниеті барын жариялаған. Берридің өзі "Чак" деп атаған ол альбом биылғы жылдың соңына дейін жарық көрмек.

XS
SM
MD
LG