Accessibility links

Киев: Донбаста үш жылда үш мың тұтқын босатылған


Украина әскерилері мен ресейшіл сепаратистердің тұтқын алмасуы. Луганск облысы, Украина, 26 ақпан 2016 жыл.
Украина әскерилері мен ресейшіл сепаратистердің тұтқын алмасуы. Луганск облысы, Украина, 26 ақпан 2016 жыл.

Шығыс Украинада қарулы жанжал басталғалы бері 3236 украин азаматы тұтқыннан босатылған немесе табылған, 416 адам хабарсыз кеткен. Бұл туралы украиналық 5-телеарна эфирінде Украина қауіпсіздік қызметі басшысының кеңесшісі Юрий Тандит хабарлаған.

Оның айтуынша, кепілге алынғандар саны артып барады. Қазіргі уақытта Донецк мен Луганск облыстарындағы ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аудандарда 118 адамды заңсыз ұстап отырғаны туралы мәлімдеген Тандит солардың тек 60-ның ғана қай жерде отырғаны расталғанын айтады.

Сонымен бірге Тандит биыл қаңтардың 10-ы күні Надежда Савченконың ресейшіл сепаратистер тұтқынында отырған украин әскерилері тізімін жария етуі тұтқын алмасу процесін қиындатып жіберді деп мәлімдеген. Украина қауіпсіздік қызметі жеке тұлға туралы деректерді жария ету - тұтқындар мен олардың туыстарының құқығын бұзу деп санайды. Савченко жариялаған тізімде 129 тұтқын және хабар-ошарсыз кеткен 494 украин азаматы енгізілген. Бұған дейін Савченко сепаратистермен 1:4 есебімен тұтқын алмасу туралы келісімге қол жеткізгені туралы мәлімдеген. Украина президенті Петр Порошенко Савченконың сепаратистермен байланыс орнатуы оның өзіне де, Украинаға да пайда әкелмейді деп мәлімдеген.

Украина сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Ресей тек саяси себептермен 44 украин азаматын ұстап отыр. Олардың 17-сі Ресей территориясында болса, 27 адам – Ресей Украинадан заңсыз аннексиялап алған Қырым түбегінде.

XS
SM
MD
LG