Accessibility links

Дубровкадағы теракті ісі бойынша Хасан Закаев 19 жылға сотталды


Терроршылар басып алған Дубровкадағы театр орталығы. Мәскеу, 24 қазан 2002 жыл.
Терроршылар басып алған Дубровкадағы театр орталығы. Мәскеу, 24 қазан 2002 жыл.

Мәскеу округтік әскери соты сейсенбі күні 2002 жылғы Дубровкадағы театр орталығына жасалған террорлық шабуылға байланысты айып тағылған Хасан Закаевты 19 жылға бас еркіндігінен айырды. Үкімге сәйкес, Закаев жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтейді.

Сот сонымен бірге террорлық шабуылдан зардап шеккендердің азаматтық талап арыздарын қанағаттандырып, сотталушыны ондаған миллион рубль төлеуге міндеттеген.

Апта басында сотта сөйлеген соңғы сөзінде Хасан Закаев өзі сақтаған қару-жарақты тасымалдаған кезде террорлық шабуыл дайындалып жатқанын білмегені туралы мәлімдеген. Айыптау тарабы соттан Закаевты адамдарды кепілге адам алуға айыпты деп тануды және оған қарсы азаматтық талап арыз бергендердің барлығының өтінішін қанағаттандыруды сұраған.

Хасан Закаевты 12 жыл іздеуден кейін 2014 жылы ұстаған. БАҚ деректері бойынша, ол Мәскеуге қару-жарақ пен жарлығыш заттар жеткізуге жауапты болған.

2002 жылғы қазанның 23-і күні Мәскеуде Дубровкадағы театр орталығын «Норд-Ост» мюзиклі қойылымы кезінде басып алған терроршылар мыңға жуық көрерменді үш күн бойы кепілдікте ұстап, билікке Шешенстаннан Ресей әскерін шығару туралы талап қойған. Қазанның 26-сы күні билік терроршылармен келіссөзді үзіп, ғимаратты шабуылмен алу туралы бұйрық берген. Кепілге алынған адамдар отырған залға жіберілген газдан 130 адам қаза тауып, 700-ден аса адам зардап шеккен. Терроршылардың барлығы мерт болған. Ресей билігі ол газдың құрамы жайлы құпияны әлі күнге дейін ашқан жоқ.

XS
SM
MD
LG