Accessibility links

Алматыдан Ташкентке жаңа жүрдек пойыз жолға шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Наурыздың 21-і күні Алматы-2 темір жол вокзалынан Алматы мен Ташкенттің арасында жолаушы таситын «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы алғашқы сапарына шықты деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы баспасөз қызметі.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы вице-президенті Ерік Имашевтің сөзінше, көршілес екі ел арасындағы жаңа пойыз қатынасы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында жасалған келісімі негізінде жүзеге асырылып отыр.

«Қазақстандық және өзбекстандық теміржолшылар халықаралық пойызды белгіленген кестеге сай жүргізуге барын салды. Бұл біздің халықаралық бағдардағы бірлескен жобамыз болып табылады» деген Имашев.

29 вагоннан тұратын жүрдек пойыз Алматыдан дүйсенбі және сенбі күндері, Ташкенттен сейсенбі мен жексенбі күндері жолға шығады, екі аралықты 16 сағат 30 минут жүреді. Пойыз жол-жөнекей Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағашқа аялдайды.

Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев наурыздың 22-23 күндері Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетіні хабарланған. Өзбекстанды ширек ғасыр басқарған Ислам Каримов өткен жылы қайтыс болған соң оның орнына билікке келген Мирзияевтің бұл Қазақстанға тұңғыш сапары болмақ.

XS
SM
MD
LG