Бішкектің Ленин аудандық соты «Азаттық Медиа» мекемесі (Азаттықтың Қырғыз қызметінің Бішкек бюросы) мен «ПроМедиа» қоғамдық қорының (Zanoza сайты) банк есепшоттарын бұғаттады. Судья Жылдыз Жұмабаева 14 наурызда шығарған бұл шешім Азаттыққа 22 наурызда белгілі болды.
Сот шешіміне қарағанда, Қырғызстан бас прокуратурасы өкілі бұл ақпарат құралдарының бүкіл мүлкі мен қаржысын бұғаттауды сұраған. Сот Азаттық Медиа» мекемесінің 10 миллион сом, «ПроМедиа» қорының 3 миллион сомға дейінгі қаржысын бұғаттаған.
Қырғызстан бас прокуратурасы бұған дейін ел президенті Алмазбек Атамбаевтың ар-намысын қорғау уәжімен Zanoza мен Азаттықты сотқа берген.