Accessibility links

Ресей соты ИМ-ге қосылмақ болған қыздың үкімін өзгертпеді


Варвара Караулова сотта отыр. Мәскеу, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Варвара Караулова сотта отыр. Мәскеу, 21 желтоқсан 2016 жыл.

Ресейдің жоғарғы соты "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобына қосылмақ болды деген айыппен төрт жарым жылға сотталған Варвара Караулованың (2015 жылдың қыркүйегінде аты-жөнін Александра Иванова деп өзгерткен) үкімін күшінде қалдырды.

Варвара Караулованың жаза мерзімі 2015 жылдың 27 қазанынан бастап есептеледі. Сот үкімі 2015 жылы 22 желтоқсанда жарияланған.

Варвара Караулова 2015 жылы 4 маусымда Ресейдің - 13, Әзербайжанның төрт азаматымен бірге Түркиядан Сирияға өтіп бара жатқанда ұсталған. Сол жылы Ресей тергеу комитеті 19 жастағы Караулованың экстремистік топтың жұмысына қатысуына және топ құрамына кіруіне қатысты тергеу аяқталғанын, оның үстінен қылмыстық іс қозғалмайтынын мәлімдеген еді. Караулова 2015 жылы қазанда "елге оралған соң да қызметіне тыйым салынған экстремистік топ мүшелерімен қайта байланыса бастаған" деген уәжбен қайта қамалған.

Сот материалы бойынша, Мәскеу мемлекеттік университетінің бұрынғы студенті Варвара Караулова біраз уақыт әлеуметтік желіде ИМ содыры делінген адаммен хат жазысып, "Сирияға бару және терроризмді ақтау ниеті барын" білдірген. Жарыссөзде Караулова соттан өзіне кешірімділік танытуды сұрап, ИМ мүшесімен "содыр ретінде емес, ұнатқан адамы ретінде хат жазысқанын" айтқан.

XS
SM
MD
LG