Accessibility links

Әлем елдері лидерлері Лондондағы шабуылды айыптады


Шабуыл жасалған британ парламенті қасында тұрған жедел жәрдем көлігі мен полиция жасағы. Лондон, 22 наурыз 2017 жыл.
Шабуыл жасалған британ парламенті қасында тұрған жедел жәрдем көлігі мен полиция жасағы. Лондон, 22 наурыз 2017 жыл.

Әлемдегі көптеген елдердің жетекшілері Лондонда сәрсенбіде болған шабуылды айыптады. Шабуыл салдарынан қаза болғандардың туған-туыстарына Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд қайғыларына ортақтасып көңіл айтты. АҚШ президенті Дональд британ премьері Тереза Мэйге телефон шалып, Ұлыбритания халқына қолдау білдірді.

Бейсенбі, наурыздың 23-і күні британ парламентіндегі мемлекеттік тулар теракт құрбандарын аза тұту белгісі ретінде төмен түсірілді.

Лондон полициясының мәліметі бойынша, наурыздың 22-і күні парламент маңайында жасалған шабуыл салдарынан бес адам қаза тапқан. Олардың арасында шабуылдаушы пышақтаған полиция қызметкері, Вестминстер көпірінде көлік басып өткен үш адам және күдіктінің өзі бар. Шабуыл салдарынан ондаған адам зардап шеккен, олардың арасында Франциядан барған 15 және 16 жастағы екі мектеп оқушысы мен үш полиция қызметкері бар деп хабарланды.

Полиция шабуылды жалғыз адам жасағанын айтады, алайда оның сыбайластары бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Скотленд-ярдтың террорға қарсы бөлімшесі басшысы Марк Роули шабуыл жасаған адамның кім екені анықталғаны туралы хабарлады, бірақ аты-жөнін атаған жоқ. Полиция шабуылдаушының радикалды исламшылдармен байланысы болуы ықтимал деп санайды. Оқиға куәгерлері күдіктіні қара киімді, сақалы бар, жасы 40-тар шамасындағы ер адам деп сипаттаған.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, наурыздың 22-і күні күндіз көлікке мінген белгісіз біреу британ парламенті ғимараты қасындағы Вестминстер көпірінде бірнеше адамды басып өткен соң сол маңдағы Вестминстер сарайының қоршауына соғылған. Көліктен жүгіріп түскен ер адам өзінің жолын бөгемекші болған қарусыз полиция қызметкерін пышақтаған. Оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері атып жаралған күдікті ауруханаға апара жатқанда қайтыс болған.

Шабуылдаушы пышақтаған 48 жастағы полиция қызметкері Кит Палмер алған жарақаты салдарынан қаза болған.

Сәрсенбі күні үкіметтің төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің шұғыл отырысын өткізген Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй оны «жан түршігерлік және жексұрын шабуыл» деп атаған.

XS
SM
MD
LG