Accessibility links

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Астанада кездесті


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Ақордадағы кездесу кезінде. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Ақордадағы кездесу кезінде. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.

Бүгін Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға мемлекетік сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті қабылдады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Назарбаев Наурыз мейрамы кезінде келген өзбекстандық әріптесін және ол арқылы көршілес бауырлас халықты Наурыз мерекесімен құттықтаған.

«Бұл сіздің президент болып сайланғаннан кейінгі тұңғыш мемлекеттік сапарыңыз. Сайлануыңызбен мен сізді шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас өзбек халқына, өзіңізге зор денсаулық пен үлкен табыстар тілейміз. Біз туысқан ел ретінде өзбек халқының, өзбек мемлекетінің өркендеп, өніп үлкен жетістіктерге жетіп отыруын қалаймыз» деген Назарбаев.

Назарбаев Мирзияев Өзбекстан президенті болып сайланғалы екі ел арасындағы экономикалық көрсеткіштер елеулі өскенін айтқан.

«Сіз келгелі бес айдың ішінде екі елдің арасындағы сауда-саттық 30 процентке жоғарылады. Көп мәселелерге қол жеткіздік. Оны бүгінгі келіссөздерде айтамыз», - деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қазақстан астанасына наурыздың 22-і күні келген. Өзбекстанды ширек ғасыр басқарған Ислам Каримов өткен жылы күзде қайтыс болған соң оның орнына билікке келген Шавкат Мирзияевтің бұл Қазақстанға тұңғыш сапары.

Бұл жолы Мирзияевпен бірге Астанаға өзбек бизнес өкілдерінің үлкен делегациясы да келіп отыр. Өзбекстан президенті Астанада қазақ-өзбек бірлескен бизнес-форумына қатысады деп жоспарланған.

XS
SM
MD
LG