Accessibility links

Мирзияев: Қазақстан ең жақын әрі сенімді көршіміз


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Ақордадағы кездесу кезінде. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Ақордадағы кездесу кезінде. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.

Бүгін Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу кезінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өзбек тарабы Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші ретінде қарастыратынын айтты деп хабарлайды «Қазақпарат».

«Сіздер, тұңғыш президент Ислам Кәрімовпен бірге осынау көпірді қаладыңыздар. Бұл көпір алдағы уақытта нығая беретін болады. Біз әр уақытта да Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші ретінде қарастырамыз», - деген Мирзияев.

Өзбекстан басшысы соңғы бес айдың ішінде Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастар тың қарқынмен өрби бастағанын атап өткен. Ол өзімен бірге Астанаға өзбек-қазақ бизнес форумына қатысуға өзбектандық кәсіпкерлердің үлкен делегациясы келіп отырғанын да айтқан.

«Сауда-экономикалық қарым-қатынас мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінгі бизнес форумға Өзбекстанның 250 кәсіпкері қатысады. Бір миллиард доллардың келісімшартына қол қойылады», - деген Мирзияев.

Өзбек президенті Қазақстанға бұл жолғы сапарын «тарихи» деп санайтынын айтқан. Сонымен бірге Мирзияев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстанның бұл қызметте Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосатынына сенімді екенін білдірген.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болатын екі жыл ішінде Ауғанстан бойынша шаралар қабылданатынына сенімдімін. Бұл сіздің бастамаңыз бен күш-жігеріңіз. Өзбекстан осының бәрін әркез қолдайды. Сіздердің барлық бастамаларыңызды қолдаймыз деп ойлаймын» деген Өзбекстан президент.

Сонымен бірге Мирзияев Назарбаевты кез келген қолайлы уақытта Өзбекстанға сапармен келуге шақырған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Астанаға мемлекеттік сапармен наурыздың 22-і келген. Өткен жылы күзде Ислам Каримов қайтыс болған соң оның орнына билікке келген Мирзияевтің бұл Қазақстанға тұңғыш сапары.

XS
SM
MD
LG