Accessibility links

Назарбаев: Өзбекстанмен саудадағы барлық кедергілер жойылды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы құжаттарға қол қойған соң алмасып жатыр. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы құжаттарға қол қойған соң алмасып жатыр. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездесу кезінде ол билік басына келгеннен кейін ресми Ташкент «сауда үшін барлық мүмкіншіліктерді толықтай ашып, кедергілерді жойғаннан кейін мүмкін болып отыр» мәлімдеген. Бұл туралы Тengrinews агенттігі хабарлайды.

«Соңғы уақытта біздің байланыстарымыз мүлдем басқаша дами бастады. Тек соңғы бес айдың немесе өткен жылғы төртінші тоқсан ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы екі тараптан да 30 процентке көбейген. Төрт сауда үйі ашылған, Қазақстан астығы 30 пайыз және өзбек жеміс-жидегі мен көкөнісі көлемі 25 процентке артқан. Мұның барлығы кедергілерді жойып, сауда үшін барлық мүмкіншіліктерді толықтай ашқан жаңа басшылықтың арқасында мүмкін болып отыр» деп мәлімдеген Назарбаев.

Ол сонымен бірге бүгінде Өзбекстан мен Қазақстан арасында ешқандай - территория, шекара, саяси, экономикалық шешілмеген проблемалар жоқ деп мәлімдеген.

Өз кезегінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев екі ел арасында ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғаны туралы мәлімдеді деп хабарлайды қазақстандық БАҚ.

«Біз әр уақытта да Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші ретінде қарастырамыз. Біздің алғашқы сапарларымыздың бірінде бүгін Астанаға келуіміз тарихи тамырымыз, біздің бүгінгіміз жайлы көп нәрсені аңғартады. Әрине, біз кеше келіссөздерді бастадық және бүгін қарым-қатынасымыздың болашағы жайлы әңгімелесіміз. Біздің делегациямыздың құрамында алған рет парламент жетекшілері, бұған дейін ешқашан мұндай тығыз байланысты болмаған қорғаныс министрлігінің жетекшілері бар» деген өзбек президенті.

Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримов өткен жылы қыркүйекте 78 жасында қайтыс болғаннан кейін уақытша оның міндетін атқарған Шавкат Мирзияев 2016 жылғы желтоқсанда Өзбекстан президенті болып сайланған.

XS
SM
MD
LG