Accessibility links

Киевте ресейлік экс-депутатты атып өлтірді


Денис Вороненков Ресей мемлекеттік думасының депутаты кезінде. 23 қыркүйек 2015 жыл.
Денис Вороненков Ресей мемлекеттік думасының депутаты кезінде. 23 қыркүйек 2015 жыл.

Украина астанасында Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Денис Вороненковты атып өлтірді деп хабарлады Киев полициясының басшысы Андрей Крищенко.

Premier Palace қонақ үйі маңында болған атыстан сондағы күзетші жараланған. Оқиға орнын полиция тексеріп жатыр. Тергеушілер бұл оқиғаны тапсырыспен адам өлтіру деп болжайды.

Денис Вороненков Ресейде қудалау көруден қауіптеніп, 2016 жылы күзде Украинаға қоныс аударған. Ол былтыр желтоқсанда Украина азаматтығын алған.

Биыл 14 ақпанда "Цензор.Нет" басылымына сұхбат берген Вороненков Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын "қателік" деп атаған. Ол Ресейдегі қазіргі саяси жағдайды нацистік Германияда болған жағдаймен салыстырып, тұтас мемлекет "жалған патриоттық тұншықтырғыш иістен ақылынан алжасты" деп мәлімдеген.

Вороненковтың сөзіне қарағанда, ол Украинаға әйелі, Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Мария Максаковамен бірге Ресей арнайы қызметінің қуғынға ұшыратуынан кеткен.

Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты сонымен қатар Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің мемлекетке сатқындық жасауы ісі бойынша жауап бергенін де растады. "Янукович - қуыршақ. Ол биліктен бездіруге өзі себепкер болды және оның Ресей әскерін кіргізу туралы үндеуі заңсыз болды" деген экс-депутат.

Ресей тергеу комитеті биыл 15 ақпанда Денис Вороненковты "ірі ауқымда алаяқтық жасаған, 2011 жылы Мәскеудегі құны 5 миллион долларлық ғимаратты рейдерлікпен басып алған" деп айыптап, оған федералдық іздеу жариялаған.

XS
SM
MD
LG