Accessibility links

Киевте ресейлік экс-депутатты атып өлтірген адам көз жұмды


Полиция Денис Вороненковтың жұбайы Мария Максакованы оқиға орнынан әкетіп барады. Киев, 23 наурыз 2017 жыл.
Полиция Денис Вороненковтың жұбайы Мария Максакованы оқиға орнынан әкетіп барады. Киев, 23 наурыз 2017 жыл.

Киевте Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Денис Вороненковты атып өлтірген адам ауруханада көз жұмды деп хабарлады Украина бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бүгін Денис Вороненков пен оққағарына Premier Palace отелі маңында белгісіз біреу оқ жаудырған. Атыс кезінде Вороненковтың күзетшісіне де оқ тиген, бірақ күзетші шабуыл жасаған адамды жаралаған. Жаралылар - шабуылдаушы мен оққағар ауруханаға күзетпен жеткізілген.

Денис Вороненков Ресейде қудалау көруден қауіптеніп, 2016 жылы күзде Украинаға қоныс аударған. Ол былтыр желтоқсанда Украина азаматтығын алған. Денис Вороненков Киевте Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің мемлекетке сатқындық жасауы ісі бойынша жауап берген.

Денис Вороненков Украинаға әйелі, Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Мария Максаковамен бірге кеткен. Мария Максакова Азаттыққа берген сұхбатында "Ресей элитасының шизофрениясынан шаршағандарын", "үрей жайлаған елде" тұрғылары келмегенін айтқан.

Украина президенті Петр Порошенко Денис Вороненковтың өлімін "Ресей жақтан келген террористік акт" деп атады.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Вороненковтың өлімі жайлы Путинге хабарланғанын айтып, ол оқиғаға қатысты комментарий беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG