Accessibility links

Құшақбаев сотында Techno Trading өкілі шағымына дәлел көрсете алмады


Oil Construction Company ЖШС еңбек қорғау жөніндегі инспекторы Нұрбек Құшақбаев.
Oil Construction Company ЖШС еңбек қорғау жөніндегі инспекторы Нұрбек Құшақбаев.

Астананың Алматы аудандық №2 сотында бүгін Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың үстінен сот процесі басталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сотқа Нұрбек Құшақбаевтың өзі, адвокаты Гүлнәр Жуаспаева, жәбірленуші - Techno Trading компаниясының өкілі Ғалымжан Ахмадиев, прокурор Қанат Дәрібай қатысып жатыр. Сотқа сонымен қатар Маңғыстау облысынан Құшақбаевты қолдап OCC компаниясының төрт жұмысшысы да келген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотта прокурор "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатты" деген айып бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Адвокат Жуаспаева Techno Trading өкілі Ғалымжан Ахмадиевтен компанияның Құшақбаевқа қарсы шағымында келтірген талаптарына, соның ішінде "жұмысшылардың ереуілге шығып, жұмысты тоқтатқан кезінде келтірген 25 миллион теңге шығынды өтеу" туралы талабына құжат түрінде дәлелін көрсетуді сұрады. Адвокат компанияның шығынды қалай есептегенін сұрады. Бірақ Ахмадиев талап-шағымға қатысты қандай да бір құжат көрсете алмады.

Бұдан соң Жуаспаева компаниядан бұл талап-шағымдарына дәлел келтіре алмаса одан бас тартуын сұрады. Бірақ компнаия өкілі талап-шағымнан бас тартпайтынын айтты. Бұдан соң сотта түстен кейінге дейін үзіліс жарияланды.

Маңғыстау облысында мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Аштық жариялаған мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен болатын. Министр Тамара Дүйсенова мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы заңнамаға сәйкес берілген 2015 жылдан бастап бір жарым жыл ішінде толық тіркеуден өте алмағандықтан тіркелмегенін айтады.

Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу"), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыптар тағылған.

Құшақбаевқа қатысты соттың алдын ала тыңдауы 17 наурызда өткен.

XS
SM
MD
LG