Украинаның "Обозреватель" басылымы Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Денис Вороненковты өлтірген болуы мүмкін адамның аты-жөнін жариялады. Басылым мәліметінше, күдіктінің аты-жөні - Павел Паршов. Әзірге бұл ақпарат расталмады.
Паршовтың есімі Украина ішкі істер министрлігінің іздеудегі қылмыскерлер базасына тіркелген. Оған жалған кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен табылған табысын заңдастырды деген айып тағылып, 2011 жылдан бері іздеуде болған. Ішкі істер министрлігі сайтының мәліметінше, Паршов 1988 жылы Днепропетровск (қазір Днепр деп аталады) қаласында туған.
Бұған дейін Вороненковті Украина азаматы өлтірген және оның қалтасынан Украина Ұлттық гвардиясы берген әскери іс-қимылдарға қатысушының куәлігі табылғаны хабарланған.
Вороненковті 23 наурызда Киевтің орталығында Premier Palace отелі маңында Денис Вороненков пен оққағарына белгісіз біреу оқ жаудырған. Атыстан Вороненков қаза тапқан. Атыс кезінде Вороненковтың күзетшісіне де оқ тиген, бірақ күзетші шабуыл жасаған адамды жаралаған. Ауруханаға түскен шабуылдаушы сол жерде көз жұмған.
Денис Вороненков Ресейде қудалау көруден қауіптеніп, 2016 жылы күзде Украинаға қоныс аударған. Ол былтыр желтоқсанда Украина азаматтығын алған. Денис Вороненков Киевте Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің мемлекетке сатқындық жасауы ісі бойынша жауап берген.
Денис Вороненков Украинаға әйелі, Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Мария Максаковамен бірге кеткен. Мария Максакова Азаттыққа берген сұхбатында "Ресей элитасының шизофрениясынан шаршағандарын", "үрей жайлаған елде" тұрғылары келмегенін айтқан.
Украина президенті Петр Порошенко Денис Вороненковтың өлімін "Ресей жақтан келген террористік акт" деп атады.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Вороненковтың өлімі жайлы Путинге хабарланғанын айтып, ол оқиғаға қатысты комментарий беруден бас тартты.