Accessibility links

Мамайды қолдау комитеті Алматы әкімдігіне тағы жиналды


Оппозициялық «Трибуна» газетінің жетекшісі Жанболат Мамай сотта жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Тәуелсіз журналист, қамауда отырған Жанболат Мамайды қоғамдық қорғау комитетінің өкілдері бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекпен кездесу мақсатымен әкімдік алдына тағы жиналды. Әкімдік алдына жиналғандар арасында журналистер Рамазан Есіргепов пен Розлана Таукина бар.

Рамазан Есіргепов Мамайды адвокаты мен жақтастары бұған дейін абақтыда онымен бірге отырған басқа тұтқындар "қажетті мәліметтерді" беруге мәжбүрлеп күш көрсетпек болғанын хабарлаған.

Рамазан Есіргепов осыдан кейін Мамайдың туыстары оның қауіпсіздігіне жиі алаңдайтынын, осыған байланысты жергілікті билікті оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жиі есіне салып тұру керегін айтты.

Комитет мүшелерінің бірі Жазира Толғанбаева Наурыз мерекесі кезінде қаладағы "Юбилейный" дүкені алдында Бауыржан Байбекпен кездейсоқ кездесіп қалып, оған комитет мүшелерінің сотқа дейінгі тергеу кезіндегі Мамайдың қауіпсіздігін айтқан. Толғанбаеваның сөзінше, ол Байбекке комитет мүшелері өзімен бұған дейін екі рет кездеспек болғанмен, одан нәтиже шықпанғанын айтқан. Байбек оған өзінің "сот емесін" айтып, басқа жауап бермеген.

- Мен әкімге 24 наурызда кездесуге баратынымызды айттым. Ол конституцияны оқуға кеңес беріп, кездесудің тәртібі барын айтты. Біз әкімнен кездессек одан Мамайдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ғана сұрар едік, басқа ешнәрсе тілемейміз, - деді Толғанбаева.

Розлана Таукина комитет Байбекті әр жұма сайын Мамайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажетін есіне салып тұру қажет деп тапқанын айтты.

- Әр апта оның қабылдауына кіріп, қала әкімі ретінде Мамайдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескертіп отырғымыз келеді. Ол бізді қабылдамаса да біздің соттың басталуын күтпей жиналып, әлсін әлсін төбе көрсетіп отыруымыздың өзі оның қауіпсіздігіне ықпал етеді деп санаймыз, - деді Таукина.

28 жастағы журналист, тәуелсіз "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды "БТА банктен" Мұхтар Әблязовтың кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Алматы шетіндегі ЛА155/18 тергеу изоляторында (СИЗО) отырған Мамайға камераластары тарапынан қысым жасалғаны туралы 21 ақпанда адвокат Балғабаева хабарлаған. Адвокат Мамай өзімен кездесуінде өткен жұма күні өзін басқа камераға ауыстырғанын, сол жерде камераластарынан соққы жеп, моральдық қысым көргенін айтты деген. Бұдан соң адвокаттар мен құқық қорғаушылар дабыл қағып, абақтыда Мамайды басқа камераға ауыстырған. Билік Мамайды абақтыда ұрып-соққаны туралы ақпарды жоққа шығарған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG