Accessibility links

Қырғызстанда экс-депутат Садыр Жапаров ұсталған


Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Садыр Жапаров.
Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Садыр Жапаров.

Қырғызстан Жогорку Кенешінің бұрынғы депутаты, шетелде эмиграцияда жүрген оппозициялық саясаткер Садыр Жапаров Қырғызстанға барған кезде мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстаған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап хабарлауынша, Жапаров қозғалған қылмыстық іс аясындағы бірнеше айып (өлтіремін деп қорқыту, кепілге алу, бұзақылық, билік өкіліне күш көрсету) бойынша ұсталған. Әңгіме 2013 жылғы қазанның 7-і күні Қарақолда өткен шеру кезінде үкіметтің Ыстықкөл облысы бойынша өкілетті уәкілі Эмильбек Каптағаевты наразылық акциясына қатысушылардың жібермей ұстағаны жайлы болып отыр.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті осы шеру мен кейін «заңға қарсы» әрекеттерді ұйымдастырған және оған қатысушылардан «Каптағаевты босатпау және «алдын ала келісілген » жоспар бойынша қимылдауды» мобильдік байланыс арқылы Садыр Жапаровтың «талап еткені» туралы куәлік еткендер бар дейді. «Куәгерлердің айтуынша және қылмыстық іс материалдары бойынша, 2013 жылғы қазанның 7-і күні Қарақолда болған шеру облыстық әкімшілікті басып алу және Ыстықкөл облысындағы жағдайды тұрақсыздандыру мақсатын көздеген» делінген мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпаратында.

Бұған дейін Садыр Жапаров наразылық акциясына қатысу және өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеуге жауап беру үшін наурыздың 25-інде Қырғызстанға ұшып бару ниеті туралы хабарлаған.

2012 жылғы қазанның 3-і күні Бішкекте Жапаровтың бастамасы бойынша Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алуды талап еткен шеру өткен. Билік Жапаров пен парламенттегі «Ата Жұрт» партиясы фракциясының екі депутаты Камчыбек Ташиев пен Талант Мамытовты «билікті күшпен басып алуға әрекет жасаған» деп айыптаған. Сот оларды бір жарым жылға бас еркіндігінен айыруға үкім еткен. Тергеу кезінде абақтыда сегіз ай отырғандары ескеріліп, 2013 жылы саясаткерлер бостандыққа шыққан. Содан кейін Садыр Жапаров Қырғызстаннан кетіп қалған. 2015 жылғы парламент сайлауы алдында Камчыбека Ташиев пен Талант Мамытовтың сотты болғаны жойылған.

XS
SM
MD
LG