Accessibility links

Минскіде азаматтық белсенділерді жаппай ұстап жатыр


Милиция қызметкерлері "Ерік күні" акциясына қатысушыны ұстап жатыр. Минск, 25 наурыз 2017 жыл.
Милиция қызметкерлері "Ерік күні" акциясына қатысушыны ұстап жатыр. Минск, 25 наурыз 2017 жыл.

Минскінің орталығында беларусь оппозициясы наурыздың 25-і, «Ерік күні» - Беларусь халық республикасы құрылғанына 99 жыл толуына орай өткізбек болған шеру милицияның кедергісіне тап болды.

БелаПАН тәуелсіз басылымының хабарлауынша, бүгін таңертең милиция қызметкерлері Беларусь ғылым академиясы жанындағы белсенділер жиналмақшы болған алаңды арнайы техниканың көмегімен жауып тастаған. Көлік қозғалысы тоқтатылып, метроның үш станциясы жабылған.

БАҚ-тың хабарлауынша, сенбі күні Минскіде дәстүрлі шеруге шықпақшы болғандарды билік өкілдері жаппай ұстай бастаған. Ұсталғандардың арасында «Беларусь христиандық демократиясы» партиясын ұйымдастыру комитетінің теңтөрағасы Денис Садовский, «Азаттық үшін» қозғалысы белсендісі Юрий Мелешкевич, журналистка Ольга Быковская және құқық қорғаушы Ольга Николайчик бар. Азат Еуропа Радиосы / Азаттық Радиосы тілшісі Тимур Олевский үш журналист ұсталғаны туралы хабарлаған.

Сонымен бірге милиция қызметкерлері «Вясна» құқық қорғау тобының кеңсесіне рейд жүргізгені туралы хабарланды. Ұсталған 60-қа жуық адамның арасында ұйым басшысы Алесь Беляцкий, белсенді Анастасия Лойко, «Беларусь Хельсинкий комитеті» төрағасы Олег Гулак және бірнеше журналист пен кеңсеге барған қатардағы азаматтар ұсталған.

Беларусь билігі мейрам деп санамайтын «Ерік күні» биыл ешбір акция өткізуге рұқсат берілмеген. Көптеген қалаларды белсенділер бірге «қыдыруға» жиналды.

Бұған дейін наурыздың 25-іне қараған түні Беларусь оппозициясы жетекшісі әрі президенттікке экс-кандидат Владимир Некляевті билік өкілдері Польшадан қайтып келе жатқан кезде ұстаған. Оған наурыздың 17-і күні Минскіде «арамтамақтық» туралы заңға жаппай наразылық акциясына қатысқаны үшін айып тағылған.

«Вясна» тобы құқық қорғаушыларының хабарлауынша, бұған дейін үкіметтің жұмыссыз азаматтарды «әлеуметтік масылдар» деп атап, оларды мемлекетке салық төлеуді міндеттейтін «арамтамақтық» туралы заңға қарсылық акцияларына қатысқан 130 адам ұсталғаны туралы хабарлаған. Ұсталғандардың бәрі наурыздың 25-і күні Минскіде шеру шықпақшы болған еді.

XS
SM
MD
LG