Бішкекте наразылық шеруіне қатысушылардың көбін ұстады
Бішкекте бүгін парламенттің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты шетелден Қырғызстанға оралысымен шекарада ұстаған билікке наразылық білдіріп шеруге шыққандардың көбін милиция ұстап әкеткен. Шеруге қатысушылар Садыр Жапаровқа жолығу үшін ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты ішіне кірмекші болған еді. Оларды жолын бөгеген милиция күші өткізбеді. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, шеруге қатысушылардың кейбірі милиция қызметкерлерімен жұлқыласып қалған. Шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ шашқан, әуеге атқан қару дыбысы естілген.
Кейін баспасөз мәслихатында Бішкек қалалық ішкі істер басқармасы бастығы Самат Құрманқұлов ұлттық қауіпсіздік ғимараты жанындағы шеру кезінде 68 адам ұсталғаны туралы хабарлаған. Ұсталғандар Бішкектің Первомай аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген.
Құрманқұловтың айтуынша, бұзақылық, мүлікті қасақана бүлдіру немесе жою, билік өкіліне қарсы күш қолдану баптары бойынша қылмыстық істер қозғалған.
«Қазіргі кезде қалада жағдай тұрақты. Құқық органдары жағдайды бақылауда ұстап отыр» деп мәлімдеген Бішкек милициясы басшысы.
Бүгін Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында да Садыр Жапаровты қолдаушылар шеруге шыққан. Ош қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз хатшысы Замир Сыдықовтың айтуынша, «митингі өткізуге үгіт жүргізген» алты адам ұсталған. Оларға қарсы әкімшілік хаттама толтырып, сотқа тапсырған.
Оппозициялық саясаткер Садыр Жапаров өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс аясында бірнеше айып (өлтіремін деп қорқыту, кепілге алу, бұзақылық, билік өкіліне күш көрсету) бойынша ұсталған. Әңгіме 2013 жылғы қазанның 7-і күні Қарақолда өткен шеру кезінде үкіметтің Ыстықкөл облысы бойынша өкілетті уәкілі Эмильбек Қаптағаевты наразылық акциясына қатысушылардың жібермей ұстағаны жайлы болып отыр. Бұған дейін Садыр Жапаров ол оқиғаны биліктің өзі ұйымдастырған деп мәлімдеген.