Accessibility links

Владивостокта коррупцияға қарсы шеруге шыққандарды жаппай ұстаған


Владивосток қаласы. (Көрнекі сурет.)
Владивосток қаласы. (Көрнекі сурет.)

Бүгін Ресейдің Қиыр Шығыс аймағының орталығы Владивосток қаласында коррупцияға қарсы шеруге шыққан адамдарды жаппай полиция ұстаған деп хабарлайды ОВД-Инфо сайты.

Полиция билік рұқсат етпеген шеру басталысымен оған қатысушыларды ұстай бастаған. Кей деректер бойынша, шеру барысында, арасында кәмелетке толмаған балалар да бар, отыздан аса адам ұсталған. Олардың кейбірін Фрунзе аудандық полиция бөліміне жеткізген деп хабарланды.

Куәгерлердің айтуынша, жексенбі күні таңертең Владивостоктағы Привокзальная алаңындағы шеруге жүздеген адам жиналған.

Бұған дейін ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный бүгін, наурыздың 26-сы күні Ресейдің 80-нен аса қаласында жемқорлыққа қарсы шеру өтеді деп хабарлаған. Оның айтуынша, 20-дан аса қалада ұйымдастырушылар шеру өткізуді жергілікті билікпен келіскен.

Мәскеу билігі қала орталығында шеру өткізу туралы ұйымдастырушылардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, акцияны қаланың шеткері аймағында өткізуді ұсынған. Бұған келіспеген Навальный шеру Мәскеу орталығындағы Тверь көшесінде өтуі тиіс деп мәлімдеген.

Алексей Навальный жетекшілік ететін коррупциямен күрес қоры наурыздың 2-сі күні жариялаған зерттеу қорытындысында «премьер-министр Дмитрий Медведевтің Ресейдегі және шетелдегі заңсыз жолмен келген қымбат жылжымайтын дүние-мүлкі» туралы деректер келтірілген. Навальный Медведевті «сенімді адамдары басқаратын қайырымдылық қорлары негізінде сан қатпардан тұратын коррупциялық желі құрған» деп айыптады. Ресей үкіметі бұл ақпаратты «үгіт-насихатты көздейтін даурықпа» деп атап, оған қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

XS
SM
MD
LG