Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда бір округте облыстық мәслихат депутаты сайлауы өтпеді


№11 сайлау округы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттардың сайлауалды материалдары. Шымкент, 26 наурыз 2017 жыл.
№11 сайлау округы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттардың сайлауалды материалдары. Шымкент, 26 наурыз 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы 11-сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты сайлауы кейінге қалды. Бұл туралы Азаттыққа бүгін облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Әлібек Өмірәлиев хабарлады. Оның айтуынша, мұндай шешімге осы округ бойынша облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген төрт адамның үшеуі сайлаудан алынып тасталғаны себеп болған.

– Кандидаттардың бірінің бұрын коррупциялық құқық бұзу оқиғасы бойынша жауапқа тартылғаны, тағы екі үміткердің декларациясындағы айырмашылықтар бары анықталған соң олар наурыздың 23-і күні округтік сайлау комиссиясының шешімімен сайлаудан алынды. Төрт кандидаттың үшеуі шыққаннан кейін сайлау туралы заңға сәйкес бұл округте сайлау өткізбеу туралы облыстық сайлау комиссиясы шешім шығарды, - деді Өмірәлиев.

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп, кейін шығып қалған Бауыржан Көпбаев Азаттыққа округтік сайлау комиссиясының өзіне қатысты шешімімен келіспейтінін айтты.

– Округтік сайлау комиссиясы шешімі наурыздың 23-і күні түнге қарай шыққан. Шешімге арыздануыма мүмкіндік берілмеді, - деген Бауыржан Көпбаев алдағы аптада бұл туралы арнайы мәлімдеме жасайтынын айтты.

Қазақстанның бірнеше аймағында бүгін жергілікті мәслихаттардағы бос орындарға депутат сайлауы өтіп жатыр. Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы елде 58 сайлау округі бойынша облыстық мәслихатқа 13, қалалық мәслихатқа - 9, аудандық мәслихатқа - 36 депутат қайта сайланады деп хабарлаған. Жергілікті мәслихаттардағы бос орындарға депутат сайлау Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласынан басқа аймақтардың барлығында өткізіледі.

Жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7:00-де басталған дауыс беру сағат 20:00-ға дейін жалғасады. Жергілікті мәслихат сайлауының нәтижелері дүйсенбі, наурыздың 27-і белгілі болмақ.

XS
SM
MD
LG