Accessibility links

Бішкектегі шеруге қатысқан ондаған адам әкімшілік қамауға алынды


Қырғызстан парламентінің экс-депутаты Садыр Жапаровтың жақтастары өткізген шеруге қатысушыларды милиция ұстап жатыр. Бішкек, 25 наурыз 2017 жыл.
Қырғызстан парламентінің экс-депутаты Садыр Жапаровтың жақтастары өткізген шеруге қатысушыларды милиция ұстап жатыр. Бішкек, 25 наурыз 2017 жыл.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Первомай аудандық соты сенбі күні ұсталған 64 адамды екі тәуліктен бес тәулікке дейін абақтыға қамап, 12 адамға айыппұл салу туралы шешім шығарған. Шеруге қатысқан екі адамға ескерту жасалып, өзгелерімен заң ережесін түсіндіру әңгімелері өткізілген.

Сенбі күні Бішкектің Первомай аудандық ішкі істер бөліміне Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) ғимараты жанында Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты босатуды талап еткен шеру барысында ұсталған 105 адам апарылған. Кеше таңертең шетелден эмиграциядан Отанына қайтып келе жатқан Жапаровты шекарада ұстап, Бішкектегі МҰҚК-іне жеткізген.

Наурыздың 25-і күні МҰҚК жанындағы оқиғаларға байланысты «Бұзақылық», «Мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» және «Билік өкіліне қарсы күш қолдану» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалған. Сенбідегі наразылық шеруі барысында милицияның бес қызметкері әртүрлі дәрежеде жарақат алған деп хабарланды. Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті бұзған өзге адамдарды жауапқа тарту мақсатымен сенбідегі шеру барысындағы іс-әрекеттер түсірілген видеоматериалдарды зерттеп жатқаны туралы мәлімдеді.

МҰҚК ұстаған Садыр Жапаровтың жақтастары билік наразылық акциясына шыққандардың құқығын бұзды деп санайды. Олардың бірі Ишен Курманакунов Азаттықтың Қырғыз қызметіне сенбідегі шеру кезінде ұсталған кейбір азаматтарға дер кезінде медициналық жәрдем көрсетілмегені туралы айтқан.

XS
SM
MD
LG