Accessibility links

Оралдық белсендіге Боқаев, Аян және Мамайға қол жинауға рұқсат етпеді


Азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиев. Орал, 10 наурыз 2017 жыл.

Азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиевтің бүгін хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық әкімдігі оған көпшіліктен қол жинауға рұқсат бермеген. Наурыздың 10-ы күні Әліпқалиев қалалық әкімдікке көрші Атырау облысында «жер шеруінен» кейін сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянға, сонымен бірге Алматыда тұтқындалған Жанболат Мамайға қолдау көрсету мақсатымен сәуірдің 8-і күні көпшіліктен қол жинауға рұқсат сұрап өтініш берген.

Қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі жетекшісі Нұрлыбек Даумовтың қолы қойылған жауап хатта сәуірдің 8-і күні Оралда жалпықалалық сенбілік өткізу жоспарланып отырғаны айтылған.

Өткен жылы сәуірде Атырауда «жер мәселесіне» қатысты шеруге шыққаны үшін айыптар тағылған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылғы қарашада сот үкімімен бес жылға бас бостандықтарынан айырылған. Сот барысында өздеріне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан екеуі Солтүстік Қазақстан облысындағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

«Саяси қалам. Трибуна» газетінің редакторы Жанболат Мамайды биылғы ақпан айынан бастап екі айға қамауға алған. Билік оған «БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің ісі бойынша айып тағып отыр. Тергеушілер Мамайды «банктен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін газет арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікпен тергеп жатыр. Мамай өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Бұған дейін Бауыржан Әліпқалиев жұрттан аталған азаматтарды қолдап жиналған қолды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдау туралы ниеті барын мәлімдеген. 2016 жылғы мамырда Оралдың орталық алаңында «жер мәселесіне» қатысты жалғыз адамдық қарсылық акциясын өткізгені үшін Бауыржан Әліпқалиевқа сот әуелі айыппұл салып, кейін оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG