Accessibility links

CA: Билік Березовка балаларының шетелде емделуіне мүмкіндік бермей отыр


Сергей Соляник, Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының үйлестірушісі.
Сергей Соляник, Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының үйлестірушісі.

Қазақстан билігі Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылының жаппай уланған балаларына медициналық көмек көрсетпей отыр деп мәлімдеді бүгін Crude Accountability (CA) халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымы.

Ұйым мәліметіне қарағанда, таяуда денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінен Березовкадағы балалары жаппай уланып ауырған ата-аналардың өткен жылы жазған хатына жауап келген. Хатта ата-аналар балалары әлі ауырып жатқанын, елде тиісті көмек көрсетілмейтінін айтып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан балаларын шетелде емдетуге мүмкіндік жасауды сұраған.

Ұйым денсаулық сақтау министрлігі жауабында "Балалар кепілденді тегін медициналық көмек бойынша тексеріліп, емделеді. Өткен жылы шілдеде Батыс Қазақстан облысының көпсалалы балалар ауруханасын консультативтік-диагностикалық поликлиникасында Березовкадан шыққан балаларды штаттан тыс мамандар қарап, халықаралық мамандардың кеңесі мен шетелде емделу қажет емес деген қорытынды жасаған" деп жауап берді дейді.

Бірақ ұйым ата-анасы билікке хат жазған бір бала ғана аталған тексеруден өткізілгенін айтады. Белгісіз дертке шалдыққан қыздардың бірінің анасы Зүльфия Құсманғалиеваның сөзінше, тексеру формальды сипатта ғана болған және оның жазбаша қорытындысын бермеген. Қалған ата-аналар жергілікті дәрігерлерге сенбей, ол тексеруден бас тартқан.

2014 жылғы қарашада Березовка кентінде 26 оқушы уланып, балалар жиі талып қалатын болған. Ресми дерекке сәйкес, балалардың жаппай талуына мектептің жылу қазандығынан бөлінген газ себеп болған. Зардап шеккен балалардың ата-аналары жаппай улану себебін ауыл іргесіндегі табиғи газ өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы газбен байланыстырады. Қадағалау органдары газды рұқсатсыз жаққаны үшін кенішті игеруші ҚПО халықаралық консорциумына 10 миллиард теңгеге жуық айыппұл салған. ҚПО басшылығы кеніш жұмысының улануға қатысы жоқ деп мәлімдегенімен, Березовка тұрғындарын көшіруге ақша бөліп жатыр. 2015 жылғы желтоқсанда ішінде зардап шеккен балалары бар 82 отбасы Қарашығанақ кеніші "өндірісін ұлғайтуға байланысты" Березовка ауылынан Ақсай қаласына көшірілген. Бірақ ата-аналар балаларының әлі талып қалатынын айтады.

XS
SM
MD
LG