Accessibility links

"Ақтөбе" клубының экс-директорының сот тыңдауы өтті


«Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев. Ақтөбе, 11 қараша 2016 жыл.
«Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев. Ақтөбе, 11 қараша 2016 жыл.

Ақтөбеде 27 наурыз күні «Ақтөбе» футбол клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильевтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Ақтөбе қалалық 2-сотының судьясы Гүлнәр Тілепова бүгін тараптардың өтінішін қарап, басты сот талқылауын 3 сәуірге белгіледі.

Тергеу «2016 жылғы наурыз бен қыркүйек айларының аралығында 240 миллион 840 мың теңгені қолды қылды» деп күдіктеніп отырған Дмитрий Васильев былтыр 8 қараша күні ұсталған. Соттың мәліметінше, оған қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-пункті бойынша айып тағылған. «Ақтөбенің» директоры 2016 жылғы 11 қарашадан бері үйқамақта отыр.

Дмитрий Васильевтің ісі бойынша «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ескендірбек Маханов та күдікке ілініп, былтыр қарашаның 28-і қамауға алынған. Бүгін судья Гүлнәр Тілепованың қаулысымен Ескендірбек Махановты қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Тергеу Ескендірбек Махановқа қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-пункті, 28-бабының 5-бөлімі, 362-бабы 4-бөлімінің 3-пункті бойынша айып таққан.

Сот Дмитрий Васильев пен Ескендірбек Махановтың үстінен қозғалған істі біріктіріп, бірге қарамақ. Қазақстанға Ресейден келген Васильев «Ақтөбе» футбол клубын басқарғанға дейін «Жетісу» командасы директоры, Қазақстан футбол федерациясының бас менеджер қызметтерін атқарған. Ал Ескендірбек Маханов Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мекемесінің басшысы болып 2014 жылғы қараша айында тағайындалған болатын. Ол бұл қызметті 2016 жылдың 23 қарашасына дейін атқарды.

XS
SM
MD
LG