Биыл Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін алқапты 311 мың гектарға ұлғайтып, 22 миллион гектарға жеткізу жоспарланып отыр деп мәлімдеді бүгін Астанада өткен үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов.
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндаған Айтуғановтың сөзінше, биыл жалпы дәнді дақылдардың егістік алқабы 15 миллион гектарды құрамақ. Оның ішінде 12 миллион гектар алқапқа бидай егілмек.
Биыл мал азығы дақылдарының егістік көлемі (арпа, сұлы, жүгері, асбұршақ, ноқат) 206 мың гектарға, жарма дақылдары 32 мың гектарға, майлы дақылдар 60 мың гектарға, қант қызылшасының егістік көлемі 7 мың гектарға ұлғайтылмақ. Мұның есесіне биыл суды көп қажет ететін дақылдар, соның ішінде күріш алқабы 2 мың гектарға, мақта 4,6 мың гектарға, бидай алқабы 338 мың гектарға азайтылмақ.
Былтыр Қазақстанда 15 миллион 351 мың гектар егіс алқабынан 23 миллион 667 мың тонна астық бастырылған.