Accessibility links

Құшақбаевтың адвокатының судьяға қарсылығы қабылданбады


Нұрбек Құшақбаевтың адвокаттары Төлеген Шаиков пен Гүлнәр Жуаспаева сот залында. Астана, 28 наурыз 2016 жыл.
Нұрбек Құшақбаевтың адвокаттары Төлеген Шаиков пен Гүлнәр Жуаспаева сот залында. Астана, 28 наурыз 2016 жыл.

Астананың Алматы аудандық №2 сотында бүгін Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың үстінен сот процесі жалғасты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгінгі сотта Құшақбаевтың адвокаты Төлеген Шаиков судья Айжан Күлбаеваға "прокурорға жақтасып, сөзін сөйледі" деп қарсылық танытты. Қарсылықты Құшақбаевтың өзі және тағы бір адвокаты Гүлнәр Жуаспаева қолдады. Айыптаушы прокурор Қанат Дәрібай қарсылықпен келіспейтінін білдірді.

Бұдан соң Қанат Арынов деген өзге судья сотта үзіліс жариялап, кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Он бес минут шамасында қайта оралған судья Арынов адвокаттың талап-арызы қанағаттандырылмайтынын айтып, сот Күлбаеваның төрағалығымен қайта жалғасты.

Сонымен бірге бүгінгі сотта жәбірленуші тарап ретінде сотқа тартылған Techno Trading компаниясының өкілі ауысты. Бұған дейінгі өкіл Ғалымжан Ахмадиевтің орнына бүгін Нұрсұлтан Бегендік деген өкіл келді.

Маңғыстау облысында мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Аштық жариялаған мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен болатын. Министр Тамара Дүйсенова мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы заңнамаға сәйкес берілген 2015 жылдан бастап бір жарым жыл ішінде толық тіркеуден өте алмағандықтан тіркелмегенін айтады.

Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу"), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыптар тағылған.

Құшақбаевқа қатысты соттың алдын ала тыңдауы 17 наурызда өткен.

XS
SM
MD
LG