Accessibility links

Атырауда қытайлық қазақ студентіне қатысты сот шешімі шықты


Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Бота Хасенова Атырау мұнай және газ университетінде оқитын қытайлық этникалық қазақ Шұғыла Бауыржанға қатысты көші-қон полициясы толтырған әкімшілік хаттаманың күшін жоюға үкім етті.

Облыстық көші қон полициясы паспортының жарамдылық мерзімі бітуге таяп қалған Шұғыла Бауыржанның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабына сәйкес халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны туралы хаттама толтырған еді. Осыған байланысты студентке Қазақстаннан депортациялану қаупі төнген.

Бүгінгі сот процесінде Атырау мұнай және газ университетінің өкілі Айсұлу Тұрниязова Шұғыла Бауыржанның білім алып жатқаны туралы мәлімдемені көші-қон полициясына дер кезінде тапсырмағанын мойындады.

Сот көші-қон полициясы басқармасының хаттаманы толтыру кезіндегі жіберген кемішіліктеріне қатысты жеке қаулы шығарды.

Шұғыла Бауыржанның адвокаты Бақытжан Маханбеттің Азаттыққа айтуынша, студент сот қаулысын қолына алған соң визасын рәсімдей алады. Сот шешімі 10 күннен соң заңды күшіне енеді.

20 жастағы Шұғыла Бауыржан Атырау мұнай және газ университетінің шақыруымен Қытайдан 2015 жылы келген. Ол геология факультетінің ақылы бөлімінде 2-курста оқиды.

Онымен бірге Қытайдың әртүрлі аймағынан осы унирверситет шақыруы бойынша жүзге тарта студент келген. Олар университет басшылығы уәде еткен оқу ақысына қатысты 25 пайыз жеңілдікті ала алмай отырғандарына шағымданып, президент Назарбаевқа хат жолдаған.​

XS
SM
MD
LG