Accessibility links

Ақтөбе әкімдігі: Министрлік бөлген газ квотасы облыс сұранысын өтемейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе қаласында соңғы бес тәулікте сұйытылған газ тапшылығы байқалады. Азаттық тілшісіне Ақтөбенің Сәңкібай батыр даңғылындағы газ құю бекетінде сұқбат берген қала тұрғыны Тимур Есмұрзаев газ кезегінде үш сағаттан бері тұрғанын айтты. Облыстық әкімдік Ақтөбедегі сұйытылған газ тапшылығын энергетика министрлігі бөлген квотаның өңір қажеттілігін толық өтей алмай отырғандығымен байланыстырады.

- Министрлік облысқа 5200 тонна көлемінде квота бекіткен. Ол өңірдегі төрт газ желісі ұйымдары (ГЖҰ) арасында бөлінеді. Бұған қоса, облыстың сұйылтылған газға деген қажеттілігі биыл 7 мыңнан астам тоннаға жеткен, соның ішінде тұрғындар қажеттілігі 228 тоннаны, автокөліктердің қажеттілігі 7000 тоннаны құрайды. Бұл ең алдымен газға ауыстырылған көлік санының осы кезеңмен салыстырғанда 2016 жылы 20696-дан 31871-ге дейін, яғни 54% артуына байланысты, – деді облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары облыстық әкімдікте газ тапшылығына орай өткен жиында.

Облыс әкімдігі таратқан баспасөз хабарламасында газ тапшылығының тағы бір себебі ретінде "газ желісі ұйымдарының газды Ақтөбе қаласындағы газ бекеттеріне бөлу бойынша балансты бұзуы" мен "газ бекеттерінің газға алдын ала төлем жасау үшін қомақты түсім алуу мақсатында талондарды қайта сатуы" да аталады.

БАҚ өкілдері шақырылмаған бұл жиында Бердібек Сапарбаев сұйытылған газды талонмен сату дерегі бойынша тексеру жүргізіліп, қатаң шара қолданылатынын айтқан. Облыс әкімінің баспасөз қызметі 28 наурыз күні кешкілік газ құю бекеттерінде сұйылтылған газдың шектеусіз сатыла бастағандығын хабарлады.

XS
SM
MD
LG