Accessibility links

Бішкекте Текебаевты жақтайтындар Жоғарғы сот алдына жиналды


Омурбек Текебаевты жақтайтындар Жоғарғы сот алдына жиналып тұр. Бішкек, 29 наурыз 2017 жыл.
Омурбек Текебаевты жақтайтындар Жоғарғы сот алдына жиналып тұр. Бішкек, 29 наурыз 2017 жыл.

Қырғызстанда қамауда отырған оппозициялық саясаткер, «Ата Мекен» партиясы фракциясының лидері Омурбек Текебаевты жақтайтын ондаған адам депутатқа бұлтартпау шарасын белгілеген аудандық сот қаулысына қарсы берілген кассациялық шағым қаралатын күні Жоғарғы сот ғимараты алдына жиналған. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, ғимаратты милиция қызметкерлері қоршап тұр.

Қырғызстан Жоғарғы соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Омурбек Текебаевты қамауға алу туралы қаулы күшінде қалдырылған. Сот алқасы қадағалау шағымын беру мерзімі жайлы процесуалдық нормалардың бұзылуына байланысты бұл материал бойынша өндірісті тоқтатқан деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Текебаевтың екі ай мерзімге қамау туралы ақпанның 28-і күні Бішкектің Первомай аудандық соты шығарған шешімді наурыздың 9-ы күні Бішкек қалалық соты күшінде қалдырған. Ол Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отыр.

Омурбек Текебаевты ресейлік кәсіпкер Леонид Маевскийдің арызы бойынша ұстаған. Маевский 2010 жылы «Мегаком» компаниясы акцияларын сатып алуға септесуі үшін «Текебаевқа бір миллион доллар бердім» деп мәлімдеген.

Текебаевтың жақтастары билік оны сайлау компаниясына қатыстырмас үшін оған қатысты қылмыстық іс қозғады деп санайды. Қырғызстан президент сайлауы 2017 жылғы қарашаға белгіленген. «Ата Мекен» партиясы Текебаев абақтыға қамалғаннан кейін оны президенттікке кандидаттыққа ұсынған.

XS
SM
MD
LG