Accessibility links

Қырғызстан Жоғарғы соты Текебаевты қамаудан босатпады


Омурбек Текебаев, Қырғызстан парламентіндегі оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі.
Омурбек Текебаев, Қырғызстан парламентіндегі оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі.

Қырғызстан Жоғарғы соты парламенттегі оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаевты қамауда қалдырды. Сот алқасы Текебаев адвокатының кассациялық шағымын қанағаттандырмады. Сот алқасы бұл материал бойынша сот өндірісін "қадағалау шағымын беру мерзімі бойынша процессуалдық нормалардың бұзылуына байланысты" тоқтатқанын хабарлады.

Сот сонымен қатар Текебаевтың ұсталуын "заңды және негізі бар" деп тапты. Бүгін Бішкекте шағымды қарау кезінде Жоғарғы сот алдына Текебаевтың жақтастары жиналдып, территорияны милиция қоршауға алды.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қарсыласына айналған бұрынғы серігі, "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев 26 ақпанда Бішкек әуежайында ұсталып, 27 ақпанда екі айға қамалған. 9 наурызда Бішкек қалалық сотының апелляциялық алқасы оны қамауда қалдырған.

Биліктің ұйғарымынша, Текебаевқа қарсы іс оның премьер-министр болып тұрғанында "ресейлік бизнесменнен миллион доллар пара алуымен байланысты қозғалған. Текебаевтың жақтастары билік саясаткерді биыл қарашада өтетін президент сайлауы қарсаңында билікке қарсылардың үнін өшіру үшін қудалап отыр деп санайды. "Ата Мекен" Текебаевты ол қамалған соң ұзамай президенттікке кандидат етіп ұсынған.

XS
SM
MD
LG