Accessibility links

Шымкент соты Батырбековтің үкімін өзгертті


Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.
Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының сот алқасы журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков пен прокурор Нұрлан Сапаровтың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмады.

Журналист Батырбековтің Азаттыққа хабарлауынша, сот отырысы шамамен жарты сағатқа созылған. Сот алқасы мемлекеттік қорғаушыға сөз берген. Прокурор Айдар Жүнісбеков журналист пен прокурордың шағымы негізсіз деп тауып, соттан оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

«Үкімге өзгеріс енгізді. Түпкілікті 1 жыл 6 ай 19 күнге бас бостандығын шектеу жазасын бір айға қысқартты. Бірақ бұған менің көңілім толмайды» дейді журналист. Ол толық ақталғанша шағымдана беретінін айтады.

Жәбірленуші деп танылған прокурор Нұрлан Сапаров бұл іс бойынша қандай да бір комментарий бермейтінін айтқан.

Амангелді Батырбеков пен Нұрлан Сапаровтың арасындағы дау 2015 жылы күзде басталған. Ол кезде Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары болып тұрған Нұрлан Сапаров «жала жапты» деп айыптап, Амангелді Батырбеков бір жарым жылға сотталған. Белсенді түрмеден ел президентіне хат жазып, іс қайта қаралды да, ол 2016 жылы қаңтарда босап шыққан. Мұнан соң Сапаров жеке адам емес, лауазымды тұлға ретінде сотқа қайта шағымданған.

Сарыағаш ауданының 2-соты Амангелді Батырбековті 411-бап бойынша айыпты деп танып, 419-бап бойынша ақтаған болатын. Амангелді Батырбеков биыл қаңтарда рақымшылықпен босап шыққан. Бір іс бойынша екі рет сотталған белсенді рақымшылыққа разы болмай, «толық ақталуым керек» деп біледі.

Ал жәбірленуші прокурор Сапаров оны қызметінен 10 жылға шеттетуді сұраған.

XS
SM
MD
LG